Тоқаев Германияда Siemens, Linde және Aurubis басшыларымен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары аясында Siemens, Linde және Aurubis компанияларының басшыларымен кездесіп, инвестициялық және технологиялық жобаларды талқылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуде өнеркәсіпті цифрландыру, энергетика, коммуналдық шаруашылық және медициналық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Президент Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компаниясының Qarmet металлургия комбинатын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасын қолдайтынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан өндірістік, инженерлік және сервистік орталықтар құруға мүдделі екенін жеткізді.
Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннмен кездесуде Қазақстандағы инвестициялық жобалар талқыланды. Компанияның елде құны 500 млн долларға дейінгі бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспары айтылды. Оның ішінде Теміртауда Qarmet үшін жаңа ауа бөлу қондырғысын салу жобасы бар.
Кездесуде мұнай-химия саласындағы жобалар, көміртегін тұту және сақтау технологиялары, сондай-ақ сутегі инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралды.
Ал Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтпен кездесуде тау-кен металлургиясы саласындағы инвестициялық жобалар сөз болды. Тараптар мыс шикізатын кешенді өңдеу, ілеспе металдарды өндіру және қайта өңдеу бағыттарындағы ынтымақтастықты талқылады.
Сонымен қатар «Тау-Кен Самұрық» пен Aurubis арасындағы мыс сынықтары мен техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөз жүргізген еді.