2 қазан күні Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алтын үшін жұдырықтасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Айбек Оралбай / фото: Olympic.kz

2 қазанда Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасынан екі боксшы – Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алтын жүлдені сарапқа салады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зейяд Ишаишпен кездеседі. Жекпе-жек Қазақстан уақытымен сағат 10:00-де басталады.

Төрехан Сабырхан жартылай финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевты жеңіп, Азия ойындарының финалына жолдама алған еді.

Аса ауыр салмақта сынға түсетін Айбек Оралбай да финалға жолдама алды. Ол бас жүлде үшін 90 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Жахонгир Зокировке қарсы рингке шығады. Бұл кездесу Қазақстан уақытымен 14:30-ға жоспарланған.

Оралбай мен Зокиров бір-бірін жақсы таниды. Екі боксшы бұған дейін бірнеше ірі халықаралық жарыста кездескен. Соның ішінде 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Айбек Оралбай өзбекстандық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанған.

Бокстан финалдық жекпе-жектерін Qazaqstan ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетеді.

Қазақстан құрамасынан осы Азия ойындарында ерлер арасында финалға шыққан боксшылар – Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай. Әйелдер арасында бірде-бір боксшы финалға шықпады.

Сондай-ақ оқыңыз