Алматыда қайтыс болған екі жасөспірімнің ісі сотқа жетті (видео)

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қылмыстық іс сотқа жетті/коллаж kursiv.media

Алматыда 2026 жылы сәуірдің соңында екі жасөспірім Дінмұхамед Есенгелді мен Ешім Қалдыбай пышақ жарақатынан қайтыс болды. Әлеуметтік желіде оларға медициналық көмек көрсетілмегені туралы шу шығып, талқыға түсті. Содан кейін полиция «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Болған жағдайдан кейін жалпы 12 адам қамауға алынған еді. 

Қазанның басында қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, істің сотқа жолданғаны белгілі болды. Қайтыс болған Дінмұхамедтің әпкесі Айзада Есенгелдінің айтуынша, күдіктілер қатарында алты адам бар. 

Іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 9 қазан сағат 10:00-де басталады. Шұғыла ықшам ауданы, 347/1 мекенжайында орналасқан Наурызбай ауданы сотының ғимаратында офлайн форматта өтеді. Қылмыстық істі судья Гаухар Шалабаева қарайды.

Еске сала кетейік, KursivMedia түсірілім тобы қылмыс болған ауданға барып, оқиғаның мән-жайын біліп көрді. Оқиға Алматының Алатау ауданында 30 сәуірде болған. Қайтыс болған Дінмұхамед Есенгелдінің анасы Гүлнұр Абдрасилованың сөзінше, 17 жастағы ұлы достарына баратынын айтқан, содан оралмаған.

«Баламның жүрегіне, бүйрегіне, арқасының бәріне пышақ тыққан. Балам үйге қарай қашқан. Солай үйге жете алмай… Пышақ тыққан бала Димаштан жасы үлкен, оған дейін ақша талап еткен екен. Арада бір қыз бар дейді. Ішім ашиды, баламды ұрып, қолын сындырса, балам тірі қалар еді. Арбада отырса да, қасымда болушы еді ғой…», – дейді жасөспірімнің анасы.

Дінмұхамед үйге қарай қашқан кезде жанында досы болған. Аудан ішінде жүргенде екі жігіт бас сауғалаған үйді де тапқан едік. Жол жиегіне жақын орналасқан үй иесінің сөзінше, сыртқы есік жабық болған, алайда екі жігіт амалын тауып ішке кірген. Түнгі 2 шамасында жедел жәрдем бір жігітті алып кеткен, екінші жігітті полиция оқиға орнында тергеген.

«Үйдің ішінде қан ізі бар екен. Футболкасы мен бас киімі жатты. Екінші жігіт «бізді қуды, осы жерге қашып келдік. Біз кінәлі емеспіз. Жолдас балама пышақ сұғып алды. Есікті бұзып кірдік» деп жатты. Қан сол жерде екі күн жатты. Үшінші күні жуып тастадым. Екі күн бойы ешкім іздеп келмеді. Футболка мен бас киімін қоқысқа тастадым. Себебі қанның иісі шығып кетті», – дейді үй иесі.

Бұған дейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің арасындағы дау сотта қаралды. Нәтижесінде танысын жарақаттаған студент сот залынан босатылды.

Сондай-ақ оқыңыз