Блогер Ерболат Жанабылов отбасылық жанжалдан кейін қамауға алынды

Танымал блогер Ерболат Жанабылов әйелімен болған отбасылық жанжалдан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы бойынша хаттама толтырылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Полиция қызметкерлері оқиғаға жұбайы Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желіге салған видеосынан кейін назар аударған. Видеода блогердің жұбайы араларында болған жанжал туралы айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен.
Астана қалалық Полиция департаменті ерлі-зайыптылар арасында отбасылық жанжал болғанын айтты. Төлегенова арыз жазудан бас тартқанымен, Жанабыловқа қатысты әкімшілік материал толтырылды.
Қалалық полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта ол жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жіберілді.
Жанжал қалай өрбіді?
30 қыркүйекте полиция қызметкерлері Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желідегі жазбасын анықтады. Онда ол күйеуімен үйде болған жанжал туралы айтып, қолындағы қызарған іздерін көрсеткен.
Оқиға орнына полиция жедел жеткен.
«Тексеру барысында ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Дегенмен жәбірленуші полицияға ресми арыз жазудан бас тартты», – деп түсініктеме берді ведомстводан.
Әйелінің арыздан бас тартқанына қарамастан, полицейлер блогерге қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырып, оны сот шешімі шыққанша оқшаулады.
Сондай-ақ полицейлер ер адамның пробациялық бақылау талаптарын қалай орындағанын тексерді. 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген мекенжайда болмай шыққан. Бұл ереже бұзушылық бойынша материалдар да сотқа жолданды.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова күйеуі Ерболат Жанабыловпен ажырасқалы жатқанын және мұның ешқандай хайп емес екенін айтқан еді.