Flydubai Израильге рейстерін уақытша тоқтатты

Flydubai әуе компаниясы Израильге және Израильден кері бағыттағы рейстерін уақытша тоқтатты. Бұл Дубайдан Тель-Авивке ұшқан ұшаққа қатысты оқиғаны тексеру үшін жасалды деп хабарлайды Kursiv Media.
Еске салайық, бұған дейін ұшақ экипажы төтенше жағдай туралы сигнал беріп, бортты басып алу қаупін білдіретін код жіберген. Осыдан кейін ұшақ биіктігін күрт төмендетіп, бағытын өзгерткен.
Біраз уақыт өткен соң әуе көлігі Сауд Арабиясына шұғыл қонды, жолаушылар дін аман. Израильдік БАҚ жазуынша, пилоттар төбелесіп, бірі екіншісін пышақтамақ болған.
Израиль арнайы қызметтеріндегі дереккөздеріне сілтеме жасаған Telegraph жазуынша, пилоттардың бірі ұшақты басып алуға әрекеттенген болуы мүмкін. Ол ұшақты Тель-Авивтегі биік ғимараттардың біріне бағыттауды мақсат еткен. Алайда ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Әуе компаниясы тек төтенше жағдайға ұшқыштар арасындағы жанжал себеп болғанын ғана хабарлады.
Flydubai әуе қауіпсіздігі органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Рейстерді қашан қайта бастау туралы шешім жаңа мәліметтер алынғаннан кейін қабылданады.