Каспий құбыры консорциумы үш айлақ құрылғысының жұмысын толық қалпына келтірген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Каспий құбыр консорциумында мұнай тиеу уақытша тоқтатылды / Фото: Shutterstock

«Каспий құбыры консорциумы» (КҚК) теңіз терминалындағы үш айлақ құрылғысының да жұмысын толық қалпына келтірді. Бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдиннің айтуынша, консорциум арқылы жылына 75 млн тонна мұнай тасымалдауға болады. Былтыр 70 млн тонна мұнай жөнелтілді. Оның 65 миллион тоннадайын Қазақстан өндірген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Инфрақұрылым мен танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін сақтандырушылар, мұнай компаниялары мен трейдерлер арасында үлкен алаңдаушылық туған еді.

Мәселе дипломатиялық арналар, оның ішінде АҚШ Госдепартаменті арқылы талқыланды.

КҚК акционерлері бұл құбырмен негізінен Қазақстанның және батыс компанияларының мұнайы тасымалданатынына назар аудартты. АҚШ пен өзге де батыс компанияларының ықпалы арқасында шабуылдар тоқтаған.

Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайын экспорттау үшін КҚК-ға балама жол жоқ. Бұл – ең қысқа әрі тиімді бағыт.

Еліміздегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының шикізаты шетелге осы құбыр арқылы жеткізіледі.

Құрылғыға қашан шабуыл жасалды

«Каспий құбыр консорциумының» Қара теңіз жағалауындағы инфрақұрылымына 2025 жылдың қараша айында дрон түсіп, мұнай құятын үш айлақ құрылғысының біреуі істен шыққан еді.

Осы шабуылдың салдарынан еліміз кемінде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай, шамамен 225 млн доллар шығынға батты.

Өндіріс пен экспорттың тоқтап қалмауына мүдделі болған қазақ үкіметі сол кезде екі қымбат құрылғы Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алынғанын хабарлаған болатын. Оған қоса бұған дейін жөндеуге жабылған үшінші құрылғы мерзімінен бұрын іске қосылды.

Ал 2026 жылдың мамырында КҚК теңіздегі екі құрылғыны ауыстыруға дайындалып жатқанын хабарлағанымен, оларды Қазақстан тарапы сатып алғаны туралы ақпарат бермеген. Осыған байланысты Kursiv.Media ҚР Энергетика министрлігіне сауал жолдап, жабдықтардың бағасы мен оған жұмсалған қазақстандық қаржы көлемін анықтауға тырысты.

Ведомство берген жауапта жабдықты сатып алу мен оны орнатуды консорциум тікелей өзі жүзеге асырғанын жеткізді. Ал оның нақты құны «коммерциялық құпия» ретінде жарияланған жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары консорциумның өз қаржысы есебінен, бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүргізілген.

КҚК – халықаралық консорциум. Ондағы Қазақстанның үлесі 20,75 пайызды құрайды. Сондай-ақ жоба акционерлерінің қатарында Ресей Федерациясы (31%), Chevron, LUKOIL, Mobil, Rosneft-Shell, BG және Eni компаниялары бар.

Сондай-ақ оқыңыз