Президент жасанды интеллект саласын реттеуге болмайтынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 форумында жасанды интеллектіні реттеу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Мемлекет басшысы технология саласын реттеуде қауіпке негізделген тәсіл қажет екенін атап өтті.
«Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс», – деді президент.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұл саланың құқықтық негізі қалыптасып, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданған.
Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуда адами капиталдың маңызын атап, білікті мамандар даярлау қажеттігін айтты. Осы бағытта Qazaq AI Research University-ге өндіріс пен экономика сұранысына сай зерттеулер жүргізу міндеті жүктелген.
«Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын, білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі», – деді Тоқаев.
Президент жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызын да атап өтті.
«Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, ол киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі және алгоритмдердің ашықтығы секілді мәселелерге назар аударды.
«Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер», – деді президент.
Тоқаев жастарға жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, сыни ойлау қабілетін дамыту маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқанын атап өткен еді.