Қарттар күніне орай әкімдіктер зейнеткерлерге қанша теңгеден береді

Бүгін, 1 қазан халықаралық қарттар күні. Осы күнге орай еліміздің бірқатар өңірінде қарттарға біржолғы ақшалай көмек қарастырылған. Алайда төлем мөлшері мен оны алушылардың санаты әр облыста әртүрлі. Кей өңірде әлеуметтік төлем жасы бойынша берілсе, енді бірінде тек ең төменгі зейнетақы алатын қарттарға немесе белгілі бір жасқа толған азаматтарға төленеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Астана: 10,8 мың теңге
Елордада біржолғы ақшалай көмекті 110 мыңнан астам зейнеткер алады. Төлем мөлшері 2,5 АЕК, яғни шамамен 10,8 мың теңге.
Әлеуметтік көмек Астанада жасы бойынша тіркелген зейнеткерлерге, сондай-ақ ең төменгі зейнетақы алатын азаматтарға беріледі. Тізім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жасалған.
Ақмола облысы: 12 975 теңге
Sinegor.kz мәліметінше, Ақмола облысында 26 582 зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.
Қарағанды облысы: 75 жастан асқандарға 21 625 теңге
Қарағанды облысында 75 жастан асқан 43 405 тұрғынға 21 625 теңгеден, яғни 5 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған. Бұл мақсатқа 938,6 млн теңге бөлінген.
Ұлытау облысы: ең төменгі зейнетақы алушыларға 20 мың теңге
«Аймақ Ақшамы» басылымының мәліметінше, Ұлытау облысында жасы бойынша ең төменгі зейнетақы алатын 6 199 зейнеткерге 20 мың теңгеден біржолғы төлем қарастырылған.
Павлодар облысы: төлем мөлшері жасына және зейнетақысына байланысты
Павлодар облысында біржолғы көмектің мөлшері азаматтың жасына және алатын зейнетақысына байланысты белгіленеді.
Екібастұз қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі хабарлағандай, ең төменгі зейнетақы алатын немесе жәрдемақысы мен төлемдерінің мөлшері ең төменгі деңгейден төмен азаматтарға 12 975 теңге (3 АЕК) беріледі.
Ал осы талаптарға сай келетін 80 жастан асқан азаматтарға 17 300 теңге (4 АЕК) төленеді.
Түркістан облысы: жалғызбасты қарттарға 21 625 теңге
Түркістан облысында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 1 253 жалғызбасты қартқа 21 625 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі.
Шымкент: 70 жастан асқан зейнеткерлерге 12 975 теңге
Otyrar.kz жазуынша, Шымкентте 70 жастан асқан шамамен 36 мың зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.
Ақшаны алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ
Көмек алушыларға алдын ала өтініш берудің қажеті жоқ. Ақша автоматты түрде олардың шоттарына аударылады. Төлемдерді аудару 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында жүргізіледі. Сондықтан кей азаматтарға ақша 1 қазанда емес, осы аралықтағы басқа күні түсуі мүмкін.
Төлем кімдерге берілетінін қалай білуге болады
Әлеуметтік көмектің шарттары әр өңірде әртүрлі. Сондықтан оның берілетін-берілмейтінін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі немесе әкімдік арқылы нақтылаған дұрыс.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандағы қарттар қалай өмір сүреді.