Қазақстанда астық пен қантты биржа арқылы сату талабы өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстанда астық пен қантты биржа арқылы сату талабы өзгереді / Фото: Ақорда

Қазақстанда астық пен қант саудасына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Өзгерістер 2026 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тауар биржаларында сатылатын тауарлар тізіміне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.

«Астық экспорттаушылар және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қоспағанда, өнімін ішкі нарықта сататын астық нарығының қатысушылары алдыңғы айда биржадан тыс өткізілген астық көлемінің кемінде 5%-ын тауар биржалары арқылы сатуға міндетті болады», – делінген жаңа талапта.

Бұл талап бидай, меслин және арпаға қатысты.

Қант өндірушілері өндірілген өнім көлемінің 20%-ын, ал импорттаушылар елге әкелінген қант көлемінің 20%-ын тауар биржалары арқылы өткізуі тиіс.

Бұдан бөлек, жаңа піскен және салқындатылған картоп та 2026 жылғы наурыздан бастап биржалық тауарлар тізіміне енгізілген. Ол бойынша жеткізілімнің ең төменгі партия көлемі 1000 тонна болып белгіленген.

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық компаниялар Ауғанстанға жалпы құны 21 млн доллар болатын бидай мен күнбағыс майын жеткізуге келісім жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз