Қазақстандағы қарттар қалай өмір сүреді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

1 қазан – халықаралық қарттар күні. 1990 жылы мұны БҰҰ арнайы қаулы шығарып тегін бекіткен жоқ.

Мақсат – қоғам назарын қарттардың мәселесіне бұру. Өйткені әлем халқы қартайып келеді. Яғни, барлық елде қариялардың саны артып жатыр, деп жазады Kursiv.Media.

65 жастан асқандардың үлесі артады

Бұл үрдістен Қазақстанда шет қалып отырған жоқ. 2025 жылы елдегі әр 100 балаға шамамен 33 қариядан келген. 2050 жылға қарай 65 жастан асқан азаматтардың үлесі еселеп өсуі мүмкін.

Әрине, бұл – денсаулық сақтау, зейнетақы жүйесі және әлеуметтік қорғауға түсетін жүктеме арттады деген сөз.

2026 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 2,5 млн зейнеткер бар. Орташа жиынтық зейнетақы – 157 843 теңге.  Ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге.

«Бұл қаражат күнделікті өмірге жете ме?» деген сауалдың басы ашық. Өйткені егде жаста медициналық қызметке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық төлемдерге және азық-түлікке жұмсалатын шығындар артып келеді.

Әрине, әр отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты қарттардың да жай-күйі әртүрлі. Десе де, көпшілікке ортақ жайттар бар.

Жалғыз қалған қарттар аз емес

Айталық, алматылық зейнеткер Ольга Алексеева қазір жалғыз тұрады. Жұбайы бірер жыл бұрын қайтыс болған. Бір ұл, бір қызы бар. Екеуі де Ресейдің Петербор қаласында тұрады. Үйлі-баранды. Әкелері қайтыс болғанда ғана төбе көрсеткен.

«Балаларым үй-жайды сатып, Петерборға көшіп келуге үгіттеп жүр. Көшіп барсам, оларға тәуелді болып қаламын ба деп қорқамын. Қазір Алматы қаласының іргесіндегі саяжайлардың бірінде тұрамын. Мұнда кілең қарттар тұрады. Кейбірі мүлде жалғыз. Ұл-қыздары Ресейге кеткен. Алматыдағы пәтерлерін балаларына беріп, өздері саяжайда тұрып жатқандары да кездеседі», – дейді ол. 

Қазақстанда Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлерінде қарттар көп. Бұған туу деңгейінің төмендігі, жастардың оқу және жұмыс іздеп басқа өңірлерге немесе шетелге көшуі сияқты факторлар әсер етеді. Бұл жайт көбіне тегі еуропалық қазақстандықтарға тән жайт.

Қара шаңырақ

Қазақстанда қара шаңырақ деген ұғым бар. Дәстүр бойынша, кіші ұлы қара шаңырақтың егесі болып есептеледі. Әйтсе де, қазір бұл дәстүр біршама өзгеріске түскен. Ата-ене ұнатқан келін қара шаңырақты ұстап қалатыны байқалады. 

Сондықтан қазақстандық қарттардың дені ұлдары мен келіндерімен бір шаңырақта тұрады. Немерелерін өсіруге, кейде зейнетақысын үлкен отбасының шығындарын көтеруге жұмсайды.

«Шалым ертеде қайтыс болды. Құдайға шүкір, ұл-қыздарымды өсірдім. Енді немере бағып отырмын. Төрт ұлымның да балаларын өсіруге көмектестім. Қазір кіші ұлым мен келінім қолымда тұрады. Немерелерімді қатты жақсы көремін. Зейнетақымды да соларға – оқуына, киіміне жұмсаймын», – дейді алматылық апа Жадыра Сабырқызы.  

Қарттық түйткіл

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың айтуынша, қарт адамдардың басты мәселелері – жалғыздық, табыстың аздығы, цифрлық сервистерді қолдана алмау, эйджизм. Зейнеткерлер әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың бірі болып қала бермек. Күннің бұлттанғанын тізесі қақсап сезетін қарттар экономикалық дағдарыстар мен инфляцияның салдарын да солай бірінші болып аңғарады.

«Мемлекет қарттарды зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, медициналық және басқа да жеңілдіктер арқылы қолдайды. Алайда бағаның өсуі, әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмек құнының қымбаттауы олардың күнделікті шығынына әсер етеді. Ірі қалаларда түрлі қызметтер, әлеуметтік қолдау шаралары көбірек болғанымен, ауылдар мен шағын елді мекендерде жоқтың қасы», – дейді әлеуметтанушы.

Айман Жүсіпованың айтуынша, кейбір зейнеткерлер өздеріне тиесілі жеңілдіктер, медициналық қызметтер немесе әлеуметтік бағдарламалар туралы толық білмеуі мүмкін. Цифрлық сервистердің көбеюі бұл мәселені одан әрі өзекті етіп отыр.

Жақындарынан көрген зорлық-зомбылықты жасырады

«Егде жастағы адамдарға қатысты экономикалық және психологиялық зорлық-зомбылық та назар аударуды қажет етеді. Кей жағдайда олардың ақшасын туыстары иемденуі, кемсіту немесе немқұрайды қарым-қатынас көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайлар жария болмай қалады. Өйткені қарт адамдар жақындарына қатысты шағым айтуға қиналады», – дейді әлеуметтанушы.

Айман Жүсіпованың пікірінше, халықтың қартаюы әлеуметтік саясаттың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Зейнетақымен қамтамасыз етумен қатар, медициналық көмек, әлеуметтік қызметтер, цифрлық сауаттылық, жұмыспен қамту және жалғыздықтың алдын алу мәселелеріне назар аудару қажет.

Айта кететін жайт, Қазақстанда жасы 100-ден асқан 44 зейнеткер бар.
.

Сондай-ақ оқыңыз