Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында Қазақстанның цифрлық саладағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы елдің IT-қызметтер экспорты шамамен 1 млрд долларға жеткен, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Digital Bridge форумының Еуразиядағы технология саласындағы халықаралық алаңға айналғанын атап өтті. Ол жасанды интеллектінің өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым және мемлекеттік басқаруға ықпалы артып келе жатқанын айтты.
«Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып жатыр. Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр», – деді президент.
Тоқаев Қазақстанның цифрлық мемлекет қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырып, инновациялық стартаптар мен озық технологиялық жобаларға қолдау көрсету қажет екенін айтты.
Сонымен қатар, президент жасанды интеллектіні өнеркәсіпте қолданудың нақты бағыттарын айқындауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл тізім экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуі керек. Сондай-ақ Қазақстан мен шетелдік командалар қатысатын AI Challenge байқауын өткізіп, үздік жобаларды өндіріске енгізуді тапсырды.
«Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді», – деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ-форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы жобалар көрмесін аралаған еді.