Қостанайда 380 млрд теңгеге жел станциясы салынады

Қостанай облысында өңірдегі ең ірі жел электр станциясы салынады. Оның қуаты 1000 МВт болады. Сонымен қатар станция маңында қуаты 300 МВт электр энергиясын жинақтайтын жүйе орнатылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жобаға шамамен 380 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың көктемінде бастап, нысанды 2029 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жоба Энергетика министрлігі мен Turan Wind Energy ЖШС арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылады. Үкімет келісімге қол қоюды мақұлдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоба іске қосылғаннан кейін Қостанай облысындағы ең ірі жаңартылатын энергия нысандарының біріне айналуы керек.
750 жұмыс орны ашылады
Жоба өңірге қосымша инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында және жоба аясында жалпы 750 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Сонымен қатар станцияның құрылысы Қостанай облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Жоба Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарына кіреді. Елде жаңартылатын энергияның үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға, ал 2050 жылға қарай баламалы энергия көздерін қоса есептегенде 50%-ға жеткізу көзделген.
Оқи отырыңыз: Елде 4 млрд теңгеге астық өңдейтін алты кәсіпорын салынады