Құрылысшы мен әкімдік қызметкерлері де сотталуы керек – Мырзуан отбасының адвокаты

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуан қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Қылмыстық істе жалпы бес жәбірленуші бар. 2026 жылдың 1 қазанында сот процесін тоқтатып, қылмыстық істі апат болған тұрғын үйді салған құрылысшыға қатысты іспен біріктіру туралы өтінішхат жолданды, деп хабарлайды KursivMedia.
Өтінішхат мәні
Бірінші қазанда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында апаттан зардап шеккендердің бірі Айнұр Нұрпейісованың тұрғын үйді салған құрылысшыға және тұрғын үй кешенінің өзге де тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымы қаралған. Нәтижесінде қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Енді заңгер осы қаулыны Ұлдана Мырзуан және басқа төрт жәбірленушіге қатысты қылмыстық іспен қосуды сұрап отыр.
Жәбірленушілер ұстанымы
Мырзуан отбасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, құрылыс компаниясының сол кездегі басшысы қайтыс болып кеткен. Алайда құрылыс компаниясы әлі де жұмыс істеп тұр. Одан бөлек тұрғын үйді қабылдап алған әкімдік қызметкерлері де жауапқа тартылуға тиіс.
«Біреуді соттау керек деп, соттауға қарсымыз, бізге ақиқат маңызды. Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың өз жауапкершілігі бар. Үйді салған адамдар да, үйді қабылдап алған адамдар да жауапкершіліктен құтылмауы керек. Сол себепті бұған дейін қысқарып кеткен іспен осы істі қосып, прокуратураға жіберуді сұрап отырмыз», – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Ұлдана Мырзуан қазасы
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот 18 тамызда басталды. Сәуле Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.
2026 жылдың 9 қыркүйегінде сотқа құрылыс саласы бойынша сарапшы Вероника Лабаева қатысты. Сарапшының айтуынша, Тәуелсіздік көшесіндегі тоғыз қабатты үй 5 қабатты етіп салынуы керек болған.