Қыркүйек айында жылдық инфляция 9,3 пайызды құрады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Инфляция баяулады / shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

2026 жылдың қыркүйек айында елдегі жылдық инфляция деңгейі 9,3 пайызды құрады. Тамызда бұл көрсеткіш 9,8 пайыз болса, былтыр қыркүйекте 12,9 пайызға жеткен болатын, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ал айлық инфляция үш ай қатарынан 0,6 пайыз деңгейінде тұрақталып, бағаның өсу қарқыны тоқтаған.

Жылдық есепте азық-түлік емес тауарлар бағасы 11,0 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға, ал азық-түлік тауарлары 8,5 пайызға қымбаттады.

Азық-түлік бағасы арзандады

Жылдық азық-түлік инфляциясы 9,5 пайыздан 8,5 пайызға дейін бәсеңдеп, бір ай ішінде өнімдер 0,1 пайызға арзандады. Арзандаған азық-түлік қатарында пияз, лимон, сәбіз, картоп, кәді, орамжапырақ пен тәтті бұрыш бар.

Оған қоса, балалар ботқасы 6,1 пайызға, алма 5,3 пайызға, алмұрт 2,4 пайызға, сарымсақ пен құмшекер 1,3 пайызға, банан 0,7 пайызға арзандаған көрінеді.

Өнеркәсіп тауарлары мен тұрмыстық техника бағасы қандай

Азық-түлік емес тауарлардың жылдық инфляциясы 11,4 пайыздан 11,0 пайызға төмендегенімен, ай ішіндегі баға өсімі 1,1 пайызды құрады. Мәселен, теледидар 5,6 пайызға, ыдыс жуатын машиналар мен микротолқынды пештер 1,8 пайызға арзандады.

Ал 2025 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда автокөлік бағасы 11,3 пайызға, электр жылытқыштар 9,1 пайызға, кондиционерлер 8,7 пайызға, электр еттартқыштар 5,6 пайызға, балалар конструкторлары 2,6 пайызға және медициналық бетперделер 1,7 пайызға арзандағаны байқалды.

Аймақтардағы ахуал: 14 өңірде инфляция бір таңбалы көрсеткішке түсті

Ресми статистикаға сәйкес елдің бүкіл өңірінде инфляция төмендеп келеді. Қыркүйек айында 20 өңірдің 14-інде жылдық инфляция бір таңбалы көрсеткішті құрады.

Ең жоғары және ең төменгі көрсеткіштері арасындағы алшақтық 3,9-дан 3,6 пайыздық тармаққа дейін қысқарды. Инфляция деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан (11,3%), Ақмола (11,2%), Жетісу (10,6%), Түркістан (10,4%), Алматы облыстары мен Астана қаласы (10,2%) тұр.

Ал ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды (7,7%), Павлодар (7,7%), Ақтөбе (7,8%), Маңғыстау (8,3%), Абай (8,4%) облыстары мен Алматы қаласында (8,4%) тіркелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тамызда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, елдегі инфляцияны тұрақтандыру жұмысын жалғастыруды тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз