Тәтішев пен Көпбаевтың компаниясы тазы азығын өндіретін зауыт салмақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Ит пен мысық азығын шығаратын зауыт салынады / Фото: shutterstock.

Қазақстандық KazPetFood компаниясы мен немістің Wagner Feedmill and Silo Plants GmbH кәсіпорыны үй жануарларына арналған азық шығаратын зауыт құрылысын бастайды. Жобаның жалпы құны 31 миллион еуроны құрайды. Сонымен қатар зауыт иелері тек тазыға арналған жем шығуды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта мамандармен бірлесіп, тазының физиологиялық ерекшеліктеріне арналған арнайы азық рационы әзірленіп жатыр.

Неміс технологиясы мен отандық шикізат

Жаңа өндірістік кешен Алматы облысының Алатау қаласында бой көтереді. Неміс тарапы кәсіпорынды заманауи өнеркәсіптік жабдықтар, инженерлік шешімдер және технологиялық жүйелермен қамтамасыз етеді.

Зауыттың бірінші кезеңі жылына 27 мың тонна құрғақ және ылғал азық шығаруға есептелген. Жаңа кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылады.

Өндіріс толығымен отандық шикізатты пайдаланып, өңдеуден бастап қаптау, логистика мен экспортқа дейінгі толық құн тізбегін ел ішінде қалыптастырады.

Импортты алмастыру және экспорттық әлеует

KazPetFood бас атқарушы директоры Кенен Жандостың айтуынша, бұл бастама жаңа өндіріс саласын құрып, «Made in Kazakhstan» белгісін халықаралық сапа стандартына айналдыруды көздейді.

Зауыт ішкі нарықтағы импорт үлесін азайтып қана қоймай, Орталық Азия мен басқа да шетелдік нарықтарға өнім шығаратын экспорттық хабқа айналмақ.

KazPetFood компаниясы белгілі кәсіпкерлер Еркін Тәтішев, Қанат Көпбаев, Дәулет Нұржанов пен Талғат Тұрымбаев негізін қалаған халықаралық Kusto Group холдингінің құрамына кіреді. Холдинг өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында ірі жобаларды жүзеге асырады.

Kusto Group негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев – Forbes-тің ең бай бизнесмендер тізімінде 55-орында тұрған миллионер.

Сондай-ақ оқыңыз