14 жастағы бала болып танысқан: интернет арқылы қыздарды алдаған күдікті ұсталды

Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті интернеттегі мессенджерлер арқылы 10-12 жастағы балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған. Осылайша олардың сеніміне кіріп, онлайн сөйлесуді жалғастырған.
Тергеу барысында анықталған жағдайлардың бірінде ер адам қызбен онлайн ойын арқылы танысып, оның телефон нөмірін алған. Кейін WhatsApp арқылы сөйлесіп, түрлі сылтаумен одан интимдік сипаттағы фото және бейнежазбалар жіберуді сұраған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті ұсталып, өз кінәсін мойындаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
ІІМ ата-аналарды балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Тағы да оқыңыз: Павлодар облысында педофил 20 жылға сотталды