Air Astana Алматыдан Токиоға тікелей рейстерді іске қосады

Air Astana әуекомпаниясы Алматы мен Токио арасында тікелей рейстерді іске қосады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Компания мәліметінше, алғашқы рейс Алматыдан 2026 жылғы 30 қарашада, ал алғашқы қайтар рейс Токиодан 2026 жылғы 1 желтоқсанда ұшады.
Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыелдің айтуынша, Жапониямен тікелей әуе қатынасын іске қосу негізгі басымдықтардың бірі. Орталық Азия мен Кавказдың көлік торабы ретінде Қазақстанның көшбасшылығын нығайтуға ықпал етеді.
«2026 жылы біздің 22-ші жаңа бағдарымызға айналған Токио – бизнес пен туризмнің жетекші әлемдік орталықтарының бірі және Airbus A321LR ұшақтарында жүзеге асырылатын жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға айтарлықтай серпіліс береді», – деп мәлімдеді ол.
Рейстер бизнес және эконом-класс салондарымен жабдықталған Airbus A321LR ұшақтарымен Токио халықаралық әуежайына (Нарита) аптасына екі рет орындалады.
Жапония азаматтары Қазақстанға визасыз 30 күнге дейiнгi мерзiмге келе алады. Қазақстан азаматтарына Жапонияға сапар үшін виза қажет.
Айта кететін жайт, Қазақстан мен Таиланд астаналары арасында 2026 жылдың 11 желтоқсанынан бастап тікелей рейстер ашылады. «Air Astana» авиакомпаниясы Астана – Бангкок (Таиланд) бағыты бойынша тікелей рейстерді аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен орындайды.