Алматы әуежайы екі жылда тапқан таза пайдасын түгел түрік акционеріне аудармақ

Алматы халықаралық әуежайының жалғыз акционері – «ТАВ Қазақстан» соңғы үш жылда жинақталған пайдадан 84,6 млрд теңге көлемінде дивиденд алу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 1 қыркүйекте бекітіліп, 1 қазанда Қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Дивиденд сомасы қалай қалыптасты?
Акционер шотына аударылатын сома соңғы үш жылдың қаржы көрсеткіштерінен құралған. Атап айтқанда, 2023 жылдың бөлінбей қалған 72,5 пайыз таза пайдасынан акционерге 26,56 млрд теңге беріледі. Ал 2024 жылы тапқан 26,50 млрд теңге мен 2025 жылғы 31,50 млрд теңге көлеміндегі таза пайда толығымен дивиденд ретінде аударылады.
Бұл қаражат АҚШ долларымен есептегенде 182,92 миллион долларды құрайды. Компания төлемді Ұлттық банктің 1 қыркүйектегі бағамымен, яғни 1 доллар үшін 462,31 теңге есебімен есептеген.
Дивиденд төлеу 1 қыркүйектен басталған. Әуежай өз міндеттемелерін шешім қабылданған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде біржола немесе бөліп төлеу арқылы орындауға тиіс.
Алматы әуежайы 2021 жылдан бері TAV Airports халықаралық холдингінің құрамына кіреді.
Биыл жазда түрік инвесторы Алматы әуежайының толық қожайыны атанған. TAV Airports компаниясы Алматы әуежайын бақылайтын Almaty Airport Investment Holding B.V. холдингінің қалған 15% үлесін 133 млн долларға сатып алды.
2026 жыл басында халықаралық әуежай 6,8 млрд теңге дивидендті заңсыз төлегені анықталған болатын.