Баспана бағасы арзандамады: қыркүйек айында тұрғын үй нарығы қалай өзгерді

Тоғыз айда Қазақстанның 18 ірі қаласының 12-сінде пәтер бағасы қымбаттады. Ал жылдық есепте 16 қалада өсім байқалды, деп жазады Krisha.kz.
Республика бойынша ұсынылатын орташа баға көрсеткіші тамызбен салыстырғанда 0,3 пайызға өскен.
Қайталама нарықтағы баспана нарығында соңғы бірнеше айда күрт ауытқу болған жоқ. Сатушылар пәтерлерін бұрынғыша жоғары бағамен сатылымға қойып жатыр. Ал сатып алушылар саудаласу арқылы бағаны түсіруге тырысады.
Қазіргі кезде жеңілдік мөлшері 1 пайыздан 7 пайызға дейін ауытқиды. Кейбір жағдайларда бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін жетеді. Сарапшылар осы күзде баға төмендейді деген болжам жасап отырған жоқ. Нарықтағы баға негізінен саудаласу есебінен реттеледі.
Тоғыз айдағы баға динамикасы
Krisha.kz сарапшыларының мониторингіне сәйкес, жыл басынан бері 12 қалада екінші деңгейлі баспана бағасы өсті. Әсіресе мына қалаларда тұрғын үй қымбаттаған:
- Көкшетауда +9,9%;
- Павлодарда – +7,3%;
- Астанада +6,9%;
- Қарағандыда +6,4%;
- Семейде +6,2%.
Ал Алматыда керісінше, жыл басынан бері шаршы метр бағасы 1,1 пайызға арзандады.
Сонымен қатар жыл басынан бері тағы бірнеше қалада баға арзандады: Ақтау (–5,2%), Ақтөбе (–4,8%), Атырау (–1,9%), Шымкент (–1,4%) және Қызылорда (–1,2%).
Қыркүйек айында ең қымбат үйлер әдеттегідей Алматы қаласында сатылды. Мұнда баға шаршы метріне 796 144 теңгені құрады. Одан кейін Астана, Шымкент, Қарағанды мен Қостанай қалалары келеді.
Ең төменгі орташа баға Қызылорда қаласында. Бұл шаһарда баспана шаршы метрінің құны 262 488 теңгеге тең. Бағасы салыстырмалы түрде төмен қалалар қатарына Ақтөбе (309 684 тг/кв. м), Тараз (325 422 тг/кв. м) және Түркістан (340 318 тг/кв. м) кірді.
Қазақстанда жеке үйлерге сұраныс биыл жаз басында күрт өсті. Маусымда жеке тұрғын үйлер бойынша 9 621 мәміле жасалып, бір айда 36,7%-ға артқан. Жалпы тұрғын үй нарығындағы өсім сол кезеңде 28,4% болды.