Францияда оқушылар митингке шығып, жүздеген мектептер жабылды

Францияда 400-ден астам лицей 2 қазанда сабақтарын онлайн форматта өткізеді. Бұған бірінші қазанда болған жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер себеп болған. Бұл туралы Францияның ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре France 2 телеарнасының эфирінде мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
«Ертең 400-ден астам оқу орны жабылады. Олардағы сабақтар қашықтан өтеді», – деді министр.
Айта кетейік, қазір Францияда мектеп оқушылары жаппай наразылық акцияларына шықты. Жоғары сынып оқушыларының митингісі Иль-де-Франс аймағында басталған. Кейін акциялар Францияның басқа өңірлеріне де тарады. Наразылық шаралары басталғалы 170 жоғары сынып оқушысы мен 65 білім беру ұйымының қызметкері зардап шеккен.
Оқушылар сабақ кестесінің тым тығыздығына, мұғалімдердің жетіспеуіне және білім беру жүйесіндегі басқа да мәселелерге наразылық білдіріп отыр.
Министр шерулер кезінде болған зорлық-зомбылықты айыптап, мемлекеттік мекемелерді қиратуға жасалған әрекеттерге алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, оқушылардың наразылық қозғалысы агрессивті топтардың әрекетіне байланысты бақылаудан шыға бастаған.
Кейбір қалаларда полициямен қақтығыстар тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша, шамамен 2 мың адам ұсталған. Олардың 1,8 мыңы тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен қамауға алынған.
Оқу отырыңыз: Францияда мемлекеттік қызметкерлер жалақыны көтеруді талап етіп ереуілге шықты