
Қазақстан бидай өндіру көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Ел әлемдік бидай өндірісінің шамамен 2,3%-ын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қазір Қазақстанда егіс алқаптарының құрылымы өзгеріп жатыр. Дәнді дақылдардың үлесі 72%-дан 66%-ға төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға өскен. Биыл майлы дақылдар 5,2 млн гектарға егілді.
Бүгінде елде дәнді дақылдар егілген 13,5 млн гектар жердің 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды.
EnergyProm мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады деп күтіліп отыр. Бұл ішкі нарықты астықпен қамтамасыз етіп, экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, биыл майлы дақылдардан 5 млн тоннадан астам өнім алу жоспарланған.
Қазақстан астық өндірісін ғана емес, оны терең өңдеуді де дамытуға басымдық беріп отыр. 2029 жылға дейін жалпы қуаты 5,8 млн тоннаны құрайтын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оларға салынатын инвестиция көлемі шамамен 4 млрд долларды құрайды.
Әлемдік бидай өндірісінің негізгі бөлігін Еуропалық одақ, Қытай, Үндістан, Ресей және АҚШ қамтамасыз етеді. Қазақстанның үлесі олардың әрқайсысынан төмен болғанымен, Орталық Азия мен Ресейден бөлек ЕАЭО елдерінің жалпы көрсеткішінен жоғары.
Астықты терең өңдеу ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосымша құн қосып, отандық фермерлер үшін жаңа нарықтар ашуға және өңделген өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Тағы да оқыңыз: Биыл 23 млн тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр