Қазақстан Беларуське жылына 4,5 мың автокөлік экспорттай алады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: Kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандық автокөлік өндірушілері Беларусь нарығына жылына 4,5 мыңға дейін көлік жеткізе алады. Қазірдің өзінде 2027-2028 жылдары 790 коммерциялық автокөлік экспорттау туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Көліктерді «Hyundai Trans Auto» компаниясы Беларусьтегі серіктесі «Эр Си Эм» компаниясына жеткізеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келісімшарттың жалпы құны кем дегенде 30 млн доллар болатынын мәлімдеді.

«Ресми сапар аясында сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды. 2025 жылы тауар айналымы шамамен 1,2 млрд долларды құрады. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 35%-дан астам өсті. Премьер-министрдің сапары барысында бірнеше миллиондық келісім-шарттар жасалды. Олардың қатарында өнеркәсіп кооперациясы жобалары мен Беларусь Республикасына автокөлік жеткізу жөніндегі келісімдер бар», – деп атап өтті ол.

Қазақстан мен Беларусь арасындағы келісімдердің жалпы құны 100 млн доллардан асады. Оның ішінде автокөлік жеткізу, өнеркәсіптік кооперация және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау жобалары бар.

Сондай-ақ қазақстандық сусындар мен басқа да өнімдерді Беларусь нарығына жеткізу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Еске салайық, қазір премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік сапармен Беларусьте жүр.  Ол Минскіде Беларусь үкіметінің басшысы Александр Турчинмен келіссөздер жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыз