Ауылға қарағанда қала халқы жыл басынан бері 5 есе өсті (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ауыл халқы қалаға көшуде / фото: Kursiv Media

2026 жылдың басынан бері қала мен ауыл халқының саны екі түрлі бағытта өзгерді. Қала тұрғындарының саны 151 мыңға көбейсе, ауыл халқы 32 мың адамға азайды. Kursiv.Media деректерді талдап көрді.

Жылдың басында Қазақстан халқының саны 20,5 млн болса, 1 қыркүйекте 20,62 млн-ға жетті. Сегіз айдағы жалпы өсім 118,9 мың адам болды. Оның 113,4 мыңы табиғи өсімге, 5,6 мыңы көші-қонға тиесілі.

Қала халқы 151 мың адамға көбейді

Жыл басында Қазақстан қалаларында 13,09 млн адам тұрған. 1 қыркүйекке қарай бұл көрсеткіш 13,24 млн адамға жетті. Яғни қала халқы сегіз айда 150 931 адамға немесе 1,15%-ға өсті.

Қала халқының өсуіне табиғи өсім де, көші-қон да әсер еткен. Табиғи өсім 69,6 мың адамды құраса, көші-қон есебінен қалаларға тағы 81,3 мың адам қосылған.

Өсімнің басым бөлігі үш ірі қалаға тиесілі. Астана халқы жыл басынан бері 61,2 мың, Алматы қаласы 39,8 мың, Шымкент 22,8 мың адамға көбейді. Үш қаланың үлесіне Қазақстандағы қала халқы өсімінің шамамен 82%-ы тиеді.

Қазақстан халқы қалай өзгерді?
2026 жылғы 1 қыркүйектегі халық саны және жыл басынан бергі өзгеріс
Қазақстан
20 618 796 адам
▲ +118 974
Өңір
Халық саны
Өзгеріс
Астана
1 700 385
▲ +61 209
Алматы қ.
2 387 896
▲ +39 793
Шымкент
1 316 888
▲ +22 838
Алматы обл.
1 615 631
▲ +19 099
Маңғыстау
826 351
▲ +6 527
Ақмола
795 075
▲ +5 467
Ақтөбе
958 923
▲ +2 953
Атырау
718 311
▲ +2 240
Қарағанды
1 130 123
▼ –1 230
Батыс Қазақстан
694 262
▼ –1 387
Ұлытау
217 274
▼ –1 775
Қызылорда
844 526
▼ –1 786
Қостанай
818 458
▼ –3 015
Павлодар
742 086
▼ –3 157
Солтүстік Қазақстан
510 756
▼ –3 376
Шығыс Қазақстан
715 546
▼ –3 449
Жетісу
682 810
▼ –4 891
Абай
590 702
▼ –5 018
Жамбыл
1 210 084
▼ –5 572
Түркістан
2 142 709
▼ –6 496
Дерек: Ұлттық статистика бюросы

Ауылда табиғи өсім бар, бірақ халық азайып жатыр

Ауылдық жерлердегі жағдай керісінше. Жыл басында ауылдарда 7,41 млн адам тұрса, 1 қыркүйекте олардың саны 7,38 млн адамға дейін төмендеді. Сегіз айда ауыл халқы 31 957 адамға немесе 0,43%-ға азайды.

Бұл ретте ауылдарда табиғи өсім оң қалыпта: туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма +43,8 мың адам болды. Алайда көші-қон айырымы –75,8 мың адамға жеткен. Яғни табиғи өсім ауылдан кеткен халықтың орнын толтыра алмай отыр.

Ауыл халқы ең көп азайған өңірлер: Жамбыл облысы – 7,3 мың, Түркістан облысы – 6,5 мың, Қостанай облысы – 4,3 мың және Абай облысында – 4,3 мың . Ал Алматы облысының ауылдарында тұрғындар саны керісінше 14,9 мың адамға көбейген.

Kursiv.Media есебінше, жыл басында қала тұрғындарының ел халқындағы үлесі 63,8% болса, қыркүйекке қарай 64,2%-ға жетті. Ауыл халқының үлесі тиісінше 36,2%-дан 35,8%-ға төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз