Түркістанда мешіт жанында жарыс ұйымдастырған екі жүргізуші жауапқа тартылды

Түркістан облысында дрифт ұйымдастырған екі жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттың алдын алу мақсатында арнайы рейдтер өтіп жатыр. Кезекті тексеріс кезінде тәртіп сақшылары елді мекен ішінде заң бұзған екі жүргізушіні анықтады.
Түнгі сағат 01:30 шамасында Қазығұрт аудандық полиция қызметкерлері Шарбұлақ ауылындағы мешіт автотұрағында қауіпті дрифт ұйымдастырылғанын байқаған. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті.
Тексеру барысында Mercedes-Benz және BMW көліктерін тізгіндеген 20 жастағы екі азаматтың қауіпті манев жасағаны анықталды. Тіпті жүргізушілер жауапкершіліктен қашу үшін көлік нөмірін әдейі шешіп алып, дрифт жасауды жалғастырған.
Ереже бұзған екі көлік те бірден айып тұрағына қойылды. Ал жүргізушілерге қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны, маневр жасау ережелерін сақтамағаны және мемлекеттік нөмірсіз көлік басқарғаны үшін тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Бұған дейін Астанада той кортежіне қатысқан үш жолаушы 10 тәулікке қамалған болатын.