«Зеленскийді жек көремін»: Украина азаматтығын алған танымал адвокат ойын жасырмады

«Украинадағы соғысқа Владимир Зеленскийдің көзімен қарап, соның айтқанына ғана сенгеніміз ағаттық, нағыз тарихи қателік болар. Зеленский менің елімде — Украинада диктатура орнатып жатыр», — деді 2024 жылы Украина азаматтығын алған белгілі ресейлік адвокат Илья Новиков журналист Юрий Дудьқа берген сұхбатында.
Зеленскийге сын
Зеленскийді «іші тар, кекшіл адам» деп сипаттаған Новиковтың айтуынша, Украина басшысы өзіне сын айтқан тұлғаларға жеке санкциялар салуды әдепкі саяси құралға айналдырған. Бір қызығы, сондай санкцияларға Ресей азаматтары ғана емес (арасында, мысалы, мысықтарды қолға үйретіп жүрген клоун (!) Юрий Куклачев бар), өзі жақтырмаған украиналықтар да іліккен. Бұған қоса, президент ел парламенті мүшелеріне тиіспеу деген қорғау шарасын жойып отыр, бірақ өзіне қатысты осындай артықшылықты сақтап қалған, яғни оны жауапкершілікке тарту мүмкін емес-ті.

Дегенмен заңгердің қатты күйініп, наразы болып отырғаны — Зеленскийдің елді диктатураға жетектеп бара жатқаны емес, бұл басшының түбі елді соғыста тізе бүгетін жағдайға дұшар қылатынында. Новиковтың пікірінше, Зеленский биліктен кетпейінше, Украина бұл соғыстан құтыла алмайды.

«Зеленский — жемқорлықтың, біліксіздіктің нышанына айналды. Осы біліксіздік қаншама адамның түбіне жетті, қазірдің өзінде ондаған мың адамның өмірін жалмады. […] Зеленскийді соғыс аяқталғаннан кейін емес, соғыс жүріп жатқан кезде сынау керек. […] Мен Владимир Зеленскийді жек көремін, одан жиренемін. […] Мен оны билік басында тындырған істері, [содан] талай адамның мезгілсіз жазым болғаны үшін, елді бұрын қалай басқарды, қазір қалай басқарып отырғандығының салдарынан болған адам шығыны үшін жек көремін», — деді Новиков.
Новиковтың оппозициямен байланысы
Новиков көпшілікке бұрын әйгілі «Что? Где? Когда?» тележобасына қатысқан білгір ретінде танылған. Қазір ол Зеленскийдің басты қарсыласы, Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконың мүддесін қорғап жүрген адвокаттардың бірі.

Новиков 2021 жылдан бері Киевте тұрады. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, ол Киевтің аумақтық қорғаныс күштерінің қатарына қосылды. Новиков өзін Порошенконың саяси мақсат-мүдделерін күйттеген белсенді емес, тек экс-президентті жақсы танитын адам екенін алға тартты.