Жыл басынан 169 баланың құлағына имплант орнатылып, есту қабілеті қалпына келген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
169 балаға ота жасалған / Фото: shutterstock

2026 жылдың 6 айында 225 адамға кохлеарлық имплант орнатылып, есту қабілеті қалпына келген. Оның ішінде 169 ота 18 жасқа дейінгі балаларға жасалған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, мемлекеттік кепілдік шеңберінде 1,81 миллиард теңге бөлінген.

Ерте бастаған ем нәтижелі болмақ

Ота жасалған балалардың 124-і — бес жасқа толмаған бүлдіршіндер. Бұл жаста есту және сөйлеу қабілеті қарқынды қалыптасады. Сол себепті бұзылыстарды ерте анықтау мен емдеуді уақытында бастау өте маңызды.

Кохлеарлық импланттар әдеттегі есту аппараттары көмектеспейтін ауыр деңгейде қолданылады.

Отадан соң шамамен бір ай өткенде құрылғы іске қосылып, бапталады. Одан кейін есту және сөйлеуді оңалту кезеңі басталады. Балалармен сурдологтар мен сурдопедагогтер жұмыс істейді, ал ата-аналарға үйде өткізілетін жаттығулар әдістемесі үйретіледі.

Бұған дейін Еңбек министрлігі имплант орнатылған балаларды қысқа курстардың орнына жыл бойы үздіксіз оңалту жүйесіне көшіруді қолға алған еді.

Ата-аналар қандай белгіге назар аударуы керек

Егер бала дауыс, дыбыс немесе өзіне айтылған сөзге реакция білдірмесе, сондай-ақ сөйлеуі кешеуілдесе, кешіктірмей дәрігерге көрініп, есту қабілетін тексерту қажет.

Медициналық көмекті уақытылы алу баланың толыққанды дамуы мен қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз