2026 жылдың соңында доллар қайта қымбаттай ма: сарапшылар болжамы қандай

2026 жыл соңына қарай шетел валютасына деген сұраныс артып, теңгенің қайтадан құнсыздануына алып келуі ықтимал. Halyk Finance сарапшылары желтоқсан соңында көкқағаз құны 490 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасайды.
Өткен айда теңге бірден 5 пайызға нығайып, доллар арзандаған болатын. Тамыз айының соңында 461,57 теңгеге сатылған доллар бағасы 440,49 теңгеге төмендеді.
Оған нарықтағы доллар ұсынысының көп болуы және бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына деген қызығушылығы әсер еткен. Базалық мөлшелеме жоғары кезде, мемлекеттік бағалы қағаздар да (МБҚ) жоғары пайда береді. Осы пайдаға қызыққан шетелдіктер валютасын Қазақстан қор нарығында сатып, елдің бағалы қағаздарын сатып алған.
Бейрезиденттер иелігіндегі мемлекеттік облигациялар қоржыны қыркүйек айының соңында 6 млрд долларға дейін өсті.
Енді сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетсе, бұл шетелдік инвесторлардың теңгедегі активтерге деген қызығушылығын азайтуы мүмкін.
Осы факторларды және төртінші тоқсандағы валюта сату көлемінің қысқаруын ескере отырып, Halyk Finance сарапшылары жыл соңына қарай доллар бағамы 490 теңге деңгейінде болады деген болжамды сақтап қалды.
Дегенмен нарықтағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі бұзылмаса, ұлттық валюта бағамы қазіргіден де нығая түсуі мүмкін.
Бұған дейін экономист Алмас Чукин де теңге біртіндеп әлсіреуі мүмкін екенін айтқан.