48 әскери бөлім тексеріледі: Қорғаныс министрлігінде ауқымды аудит басталды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
ЖАП Президентке есеп берді / фото: Ақорда

Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанына жоспардан тыс ауқымды аудит жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Тексеріс барлығы 50 нысанды, оның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Аудитке мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарымен бірге IT және байланыс саласының сарапшылары тартылған.

Әскердегі негізгі бағыттар түгел тексеріледі

Аудит барысында Қарулы күштердің негізгі бағыттарындағы жағдайға баға беріледі. Атап айтқанда:

  • әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі;
  • жеке құрамның даярлығы;
  • әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі;
  • әскери инфрақұрылымның дамуы;
  • қару-жарақ пен техниканың жаңғыртылуы;
  • цифрлық жүйелердің жұмысы тексеріледі.

Президентке мемлекеттік қорғаныс тапсырысына бұған дейін жүргізілген аудиттің қорытындысы да таныстырылды.

Жоғары аудиторлық палата анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма берген.

Тоқаев бірқатар тапсырма берді

Әлихан Смайылов президентке экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жоспарлы аудиттердің барысын да баяндады.

Сонымен қатар Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы айтылды. Оған 19 елдің өкілі қатысқан. Мұндай форматтағы жиын Қазақстанда алғаш рет өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жүргізуге және мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз