
Астанада Доңға кен орны бойынша Өнімді бөлу туралы келісім аясындағы даулы мәселелерді реттеу туралы келісім жасалды. Құжатқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Dunga Operating GmbH бас директоры Нұржан Әбдірахманов қол қойды, деп жазады Kursiv.media.
Келісім консорциумның шетелдік серіктестері Oman Oil Company Limited және PTTEP Corporation компанияларына қол қою үшін жолданады.
Құжат тараптар арасындағы мердігердің жекелеген тарихи шығындарын өтеуге қатысты көпжылдық дауды реттеуді көздейді.
Сонымен қатар келісім Қазақстанның пайдасына қаржылық өтемақы төлеуді және Доңға кен орнын одан әрі игеруге бағытталған инвестицияларды жалғастыруға мүмкіндік беруді қарастырады.
Даудың реттелуі 2026–2039 жылдарға арналған кен орнын игерудің жаңа жоспарын жүзеге асыруға жол ашады.
Жоспар бойынша осы кезеңде 67,4 млн баррель мұнай өндіру көзделген. Сондай-ақ кен орнына капиталдық және операциялық инвестициялар тарту жоспарланып отыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Доңға кен орнының әлеуеті жоғары және ол Қазақстанның энергетика саласы үшін стратегиялық маңызға ие.
Оның сөзінше, ұзақ уақыт бойы жинақталған өтелмеген шығындарға қатысты дау жобаның дамуына кедергі келтірген.
«Қол жеткізілген уағдаластықтар ұзаққа созылатын сот рәсімдеріне жүгінбей-ақ мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді және жаңа инвестициялық циклге жол ашады», – деді министр.
Келісім Қазақстанның тұрақты әрі болжамды инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымын да көрсетеді.
Қазақстан тарапы ұлттық басымдықтар мен елде 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық серіктестердің мүдделерін ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін диалогты жалғастырмақ.
Доңға кен орны бойынша дау оператордың бұрынғы шығындарын өтеу мәселесіне байланысты туындаған. Тараптар осы тарихи шығындардың бір бөлігі өтелуі тиіс пе, жоқ па деген мәселеде келісе алмаған. Соның салдарынан тараптар арасында бірнеше жылға созылған келіспеушілік пен сот даулары болған.
«Доңға» мұнай-газ кен орны Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан. Кен орны 1966 жылы ашылған. «Доңға» жобасы Өнімді бөлу туралы шарт аясында іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта шартқа Total E&P Dunga GmbH (60%), Oman Oil Company Limited (20%) және PTT Exploration and Production (20%) қатысады. 2021 жылы Total компаниясы «Доңға» кен орнын игерудің үшінші кезеңін іске асыруға 70 млрд теңге инвестиция салатынын хабарлаған.
«ҚазМұнайГаз» Доңға кен орнының 60 пайыз акциясын сатып алғанын жазған едік.