Алматы облысының бюджетіне туристерден 3,9 млрд теңге түсті

2026 жылдың сегіз айында туризм саласы Алматы облысының бюджетіне 3,9 млрд теңге әкелген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 39,3%-ға артық болып отыр. Өткен жылдың алғашқы алты айында облыстық бюджетке 2,8 млрд теңге түскен еді.
Салық түсімдерінің өсуі туристер санының көбеюіне және оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңеюіне байланысты. Мәселен, осы жылдың қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақүйлер мен демалыс аймақтары 263 776 турист қабылдады. Осы кезеңде қонақтарға көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңгені құраған. Осылайша, бір жыл ішінде қызмет көрсету көлемі 30,5%-ға өсті.
Туристер ағынының артқанына қарай қонақтарды қабылдайтын нысандар саны да көбейіп келеді. Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлының айтуынша, егер өткен жылы өңірде 285 туристерді орналастыру нысаны болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен.
«eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген.
Туристер арасында ең үлкен сұранысқа ие орындар – «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері. Осы жылдың сегіз айында аталған үш ұлттық паркті жалпы алғанда 1,92 млн турист аралаған.
Сонымен қатар Астана қаласына келетін туристердің де қатары толып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға 830 мыңға жуық турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп.