«Бар дүниемнен айырылдым»: шеберханасы өртенген дизайнер халықтан көмек сұрады

Демалыс күні Астанада Сауран көшесіндегі көпқабатты үйдегі өртті сөндіруге құтқарушылар жұмылдырылды. Жалын шарпыған алаң дизайнер Айжан Амбарянның тігін шеберханасы болып шықты. Оның айтуынша, өрт электр сымдарының жануынан басталған, деп жазады Kursiv.Media.
«Сымдар өртенді. Мен тіпті өрт сөндіргішті алып та үлгермедім, бәрі қас-қағым сәтте болды», – деп жазды ол.
Айжан Амбарян болған жағдайдан кейін әлі де өзіне келе алмай жүргенін айтқан. Оның сөзінше, егер өрт бірнеше минут ерте басталғанда, салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Ол балаларының демалыс күндері әжесіне кеткеніне қуанғанын айтады.
Өрт салдарынан шеберханасындағы құрал-жабдықтар, маталар және дайындалып жатқан коллекцияның көп бөлігі жанып кеткен. Сонымен қатар пәтеріндегі техника еріп, үйдің іші түтін мен күйеге толған. Қазір отбасыға уақытша баспана жалдауға тура келген.
«Бұл сүйікті ісімді алғаш бастаған кезден, яғни 23 жасымнан бастап жинаған мүлкім еді. Қазір қалай өмір сүретінімді, не істейтінімді білмеймін. Жөндеу жұмыстарын істеу керек. Шығармашылығымды жалғастыра аламын ба, жоқ па, оны да білмеймін», – деп ашынды ол.
Айжанның айтуынша, өрттен кейін тек подъезді қалпына келтіру құны бір компанияның есебінде 1,5 млн теңге, ал пәтерді өрттен кейін тазалау жұмыстары 980 мың теңге болған.
Ол сондай-ақ шеберханасында сатуға берген адамдардың маталары мен киімдері де болғанын айтып, олардың алдында жауапкершілік сезінетінін жеткізді.
Айжан Амбарян қиын жағдайға байланысты қаржылай көмек сұрады. Ол кез келген соманың қолдау болатынын айтып, жазбасын бөлісудің өзі үлкен көмек екенін атап өтті.
Айжан Амбарян еліміздегі «Аверик хамар» брендінің иесі. Дизайнер оны 2023 жыл ойлап тапқан. Дизайнер қазақстандық сән салатанаттарға жиі қатысқан.
Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдегі өрттен тұрғындарды эвакуациялау үшін автосаты мен үш буынды саты жұмылдырылған еді.