Бизнеске берілетін жаңа кредиттер арзандап жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Бизнес қанша пайызбен кредит алады / Фото: shutterstock

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімі банк несиесінің құнына әсер ете бастады. Дегенмен процесс біркелкі жүріп жатқан жоқ. Экономист Руслан Сұлтановтың жазуынша, кейінгі кезде оң өзгеріс әсіресе бизнес өкілдеріне берілетін несиелерден айқын байқалады.

Маусым айынан бастап базалық мөлшерлеме 18%-дан 17%-ға дейін, шілдеде 16,75%-ға, ал қыркүйекте 16,25%-ға дейін төмендеді. Осыған орай қаржы нарығындағы қысқамерзімді ақша да арзандады. Mамырда 17,7% болған орташа айлық TONIA индикаторы қыркүйекте 16,0% деңгейіне дейін төмендеді.

Бизнес оң өзгерісті сезіне бастаған

Заңды тұлғаларға теңгемен берілген жаңа несиелердің орташа мөлшерлемесі үш ай қатарынан төмендеді. Мамырда 20,3 пайызды құраса, тамызда ол көрсеткіш 19,3% болды.

Яғни үш айда бизнеске арналған жаңа банк қарызының құны шамамен 1 пайыздық тармаққа арзандады.

TONIA индикаторы қаржы нарығы қатысушылары арасындағы ең қысқа ақшаның құнын көрсетеді. Бұл көрсеткіштің динамикасы нарықтың бағытын айқындау үшін маңызды.

Мамырдан қыркүйекке дейін TONIA шамамен 1,7 пайыздық тармаққа төмендеді. Жүйелі тізбек былай қалыптасады: алдымен негізгі мөлшерлеме төмендейді, содан кейін қысқамерзімді ақша арзандайды, ал соңында бұл үрдіс компанияларға арналған жаңа несиелердің құнына жетеді.

Халыққа берілетін кредит арзандады ма?

Жеке тұлғаларға арналған несие нарығында бұл әсер әлі бәсең. Тұтынушылық жаңа несиенің мөлшерлемесі мамырдағы 22,7%-дан маусымда 20,9%-ға төмендегенімен, шілдеде 21,6%-ға, ал тамызда 21,9%-ға қайта көтерілді.

Бұл салада борышкердің қарыз тәуекелі, бөлшек сауданың бизнес-моделі және банк маржасы басым рөл атқарады.

Қазір бизнестің банктердің алдындағы борышы 23 трлн теңгеден асады. Бұған дейін депутаттар мемлекеттен қолдау алған банктер бизнеске кредит беруге асығар емес деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз