Қазақстандықтар көңілі толмайтын және енді сатып алмайтын көліктерін атады

Қазақстандық жүргізушілер енді сатып алғысы келмейтін көліктерін атады. Бұл туралы Threads желісінде SanJario лақап атымен тіркелген қолданушы сауалнама жариялап, қатысушылардан тек өз тәжірибесіне сүйеніп жауап беруді сұраған.
Пікірлер саны 1 мыңнан асып, қолданушылар ондаған көлік моделін атаған. Бірі қысқа ғана пікір қалдырса, енді бірі көлігінде болған мәселелерді егжей-тегжейлі жазған.
Lada мен Opel де сынға қалды
Ресейлік Lada көліктеріне қатысты пікірлердің арасында эмоцияға толы жазбалар көп болды.
«Оны жүргізуді үйренгеннен кейін психологиялық жарақат алдым», – деп жазды қолданушылардың бірі Lada Granta туралы.
Тағы бір қолданушы:
«Lada-ның кез келген моделі. Әбігері көп», – деп жазған.
Opel Astra көлігіне де сын көп.
«Жөндей беруден шаршадым».
Тағы бір қолданушы:
«Тегін берсе де, алмаңыздар», – деп жазды.
Қорап, қозғалтқыш және қымбат жөндеу
1997 жылғы Mercedes-Benz W210 иелерінің бірі көлігіне қатысты тәжірибесін егжей-тегжейлі бөліскен. Оның айтуынша, седан бастапқыда 2,4 литрлік қозғалтқышпен жүрген, кейін оған 3,2 литрлік мотор мен турбина орнатылған. Алғашқы сынақтан кейін автоматты беріліс қорабының май сорғысының шестернялары істен шыққан. Кейін қораптың басқару блогында да ақау пайда болған.
Зауытта орнатылған басқару блогын қайта бағдарламалау мүмкін болмаған. Сондықтан көлікке алты сатылы механикалық беріліс қорабы орнатылған. Көлікті бірнеше жыл пайдаланған кезде бензин сорғысын, радиатор желдеткішін және гидромуфтаны да жөндеуге тура келген.
Талқылау кезінде EP6 қозғалтқышы бар Peugeot 308 де аталды.
«Бұл – фазаны реттегіштері де проблемалы, ең көп ақау шығаратын қозғалтқыштардың бірі. Сатып, құтылғаныма қуандым», – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір қатысушы бұдан былай вариаторлы көлік алмайтынын айтқан. Алайда сауалнама авторы онымен келіспей, өзінің вариаторлы Toyota Corolla көлігін мысалға келтірген. Оның айтуынша, көлік күрделі ақаусыз 190 мың шақырым жүрген.
Желі қолданушылары Ford Kuga мен Nissan Primera көліктеріне де көңіл толмайтынын жеткізді.
Премиум көліктерге де шағым көп
Қымбат көліктерге қатысты шағымдар да болды. Қолданушылардың бірі механикалық компрессоры бар 4,2 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған Range Rover көлігін атаған. Тағы бірі өзінің BMW X6 көлігі мен ағасының жаңарақ седанына қатысты тәжірибесін бөлісті.
«Оларға сонша ақша жұмсадым. Ал досымның X5 көлігінің қозғалтқышы істен шықты. Бұл BMW-лардың керегі жоқ», – деп жазды ол.
Toyota, Kia және дизельді көліктер
Күтпеген сын Toyota Corolla көлігіне де айтылды. Көлік иесі оны 2016 жылы жаңа күйінде сатып алып, алты айдан кейін сатып жіберген. Оның айтуынша, бұған көліктің динамикасы төмен болуы, құрастыру сапасы мен салонының жағдайы себеп болған.
«Енді ешқандай Toyota сатып алмаймын».
Дегенмен ол 2007 жылға дейін шығарылған марканың ескі модельдерін бұл қатарға қоспайды. Атап айтқанда, Tundra, Hilux және Land Cruiser көліктерін ерекше атап өткен.
Тағы бір автокөлік әуесқойы 2009 жылғы Kia Ceed көлігіндегі рөл жүйесіне қатысты мәселеге тоқталған:
«Рөлі тұрып қалады. Бұл модельде осындай ақау бар», – деп жазды ол.
Пікірлер арасында нақты бір модельге емес, жалпы көлік түріне қатысты сын да болды. Қолданушылардың бірі бұдан былай дизельді көлік алмайтынын айтса, тағы бірі қытайлық JAC J7 моделін атаған. Алайда ол көлікке көңілі толмаған себебін нақтыламаған.
Тағы да оқыңыз: 3-5 млн теңгеге қандай көлік алуға болады – автомаман кеңесі.