Жыл басынан бері 150 тонна жанармай елден заңсыз шығарылмақ болған

Жыл басынан бес жүзден аса жүргізуші шекарадан заңсыз жанармай шығармақ болған. Осы мақсатта көліктеріне жалпы сыйымдылығы 150 тоннадан асатын бакты заңсыз орнатқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, 48 автокөлік өткізу пунктінде полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұрып, шекадарадан өткен көліктерді тексерген.
Әсіресе қосымша жанармай бағымен жабдықталған көлік құралдарына ерекше назар аударылып жатыр.
Мысалы, 2 қазанда Жамбыл облысында көршілес мемлекеттің азаматы жүк көлігіне рұқсатсыз көлемі 500 литр болатын қосымша бак орнатқаны анықталды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бак алынып тасталды.
Соңғы уақытта жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кетті. Осыған байланысты шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.