Қостанайда полиция мектепте бомба бар деген азаматты іздестіріп жатыр

Әлеуметтік желілерде біреу Қостанайдағы оқу орындарында теракт ұйымдастырылады деген ақпарат тарап, тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Белгісіз автор ғимараттарға жарылғыш заттар қойылғанын айтып, хат жазған деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қостанай облысының полиция департаменті ақпаратты бірден тексерді. Тәртіп сақшылары хабарламада көрсетілген барлық оқу орнын арнайы қарап шықты. Тексеру нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат немесе күмәнді заттар табылған жоқ, қауіп расталмады.
«Полиция департаменті азаматтардан сабырлық сақтауды, дүрбелеңге берілмеуді және тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұрайды. Көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз»», – деп жазылған полиция хабарламасында.
Қазір құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастап, жалған хабарламаны жазған автордың кім екенін анықтауға тырысып жатыр.
Оқи отырыңыз: Астанадағы орталықта бомба бар деген жасөспірім Украинада ұсталды