Семейде арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды

«Техноавиа – Семей» компаниясы Семей қаласында арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндірісті іске қосты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Жаңа өндіріс «Техноавиа – Қазақстан» компаниясының Семейдегі өндірістік қуатын кеңейту аясында іске қосылды.
Компания бұған дейін қалада арнайы киім тігетін фабриканың жұмысын жолға қойған болатын. Онда өндірістік кәсіпорындарға арналған арнайы және корпоративтік киімдер, медицина қызметкерлеріне арналған киімдер шығарылады. Енді аяқ киім өндірісінің іске қосылуымен кәсіпорынның өнім түрлері көбейіп, өндірістік бағыты кеңейіп отыр.
Жалпы, кәсіпорынның арнайы киім өндірісіндегі жобалық қуаты жылына 160 мың тігін бұйымын құрайды.
2025 жылы фабрика 135 171 тігін бұйымын өндірді. Өнімнің 85 пайызы экспортқа бағытталған. Семейде компанияның тігін фабрикасы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында 152 адам еңбек етеді. Ал арнайы аяқ киім шығаратын жаңа фабрикада 30-дан астам қызметкер еңбек етеді.
Алдағы уақытта компания өндірістік алаңдарды көбейтіп, технологиялық жабдықтар сатып алуды және жұмысшылар санын арттыру арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Біз 2023 жылы Семейде арнайы киім шығаратын фабриканы іске қосқан едік. Енді міне, өндіріс ауқымын кеңейтіп, арнайы аяқ киім фабрикасын ашып отырмыз. Айта кетерлігі, бұл – компаниямыздың Қазақстандағы арнайы аяқ киім өндіретін алғашқы филиалы. Оның Абай облысында, оның ішінде Семейде ашылуы біз үшін ерекше маңызды. Осы уақытқа дейін жобаларымызды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына алғысымды білдіремін», – деді «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов.
Айта кетейік, соңғы бір жарым жыл ішінде Абай облысындағы инвестициялық жобалар саны 29-дан 144-ке дейін артты. Олардың жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Биыл облыста жалпы құны 129,2 млрд теңге болатын 38 инвестициялық жобаны іске қосып, 3230 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 жаңа жұмыс орны құрылды.