Шатыры құлаған Студенттер сарайын жөндеу жұмысы 2027 жылы бітеді

Алматыдағы Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын жөндеу жұмыстары 2027 жылдың соңына қарай аяқталады. Бірақ жоба құны өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media BES.media-ға сілтеме жасап.
Жобаны жүзеге асыруға 2023 жылы 7 млрд теңге қарастырылған. Алайда ҚазҰУ әкімшілігінің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы әлі бөлінбеген.
Қазір ғимаратты жөндеу жұмыстарын бас мердігер «Exclusive Construction» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырыс беруші – Ғылым және жоғары білім министрлігі. Ал ҚазҰУ ғимараттың баланс ұстаушысы болып саналады.
Оқи отырыңыз: Студенттер сарайының болашақ эскизі жарияланды
23 қыркүйектегі оқиғадан кейін Студенттер сарайын Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты (ҚазҚСҒЗИ) қосымша тексереді. Мамандар ғимарат конструкцияларының нақты жағдайын анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын қауіпсіз жалғастыру жолдарын белгілеуі керек. Тексеру нәтижесіне қарай жобаны өзгерту немесе қосымша жұмыстар жүргізу қажет болуы мүмкін.
Қазір жұмысты 2027 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Дегенмен университет әкімшілігі қосымша техникалық тексеру нәтижесіне қарай мерзім өзгеруі мүмкін деп отыр. Құрылыс жұмыстарының нормативтік мерзімі – 17 ай. Оның ішінде дайындық жұмыстарына бір ай қарастырылған.
Еске салайық, 23 қыркүйектен 24-іне қараған түні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы шатырының бір бөлігі опырылып түсті. Кейін университет мұның төтенше жағдай емес жоспарлы демонтаж екенін мәлімдеді.