Тоқаев Оман сұлтанын Астана әуежайында қарсы алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты қарсы алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оман басшысының ұшағын Қазақстанның әскери әуе күштерінің ұшақтары ел шекарасынан елордаға дейін қапталдай алып келген. Әуежайда құрмет қарауылы мен Президент оркестрі сап түзеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының сапары екі ел арасындағы байланыстарды дамытуда тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
«Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр», – деді президент.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, алдағы келіссөздердің нәтижелі өтетініне сенім білдірді.
Сапар аясында екі ел басшыларының келіссөздері өтіп, бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған. Сонымен қатар Президенттер қазақ-оман бизнес форумына қатысады.