2028 жылға қарай үш қалада әуе таксиі іске қосылады

2028 жылы үш қалада аэротакси қызметі пилоттық режимде жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Министрдің айтуынша, елде ұшқышсыз ұшу жүйелері мен ұшу технологиялары дамып жатыр.
«Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз такси жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр, Алматыда дрондар арқылы тауар жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 2027 жылы коммерциялық сапарларды іске қосу және дрондар арқылы жеткізу ауқымын кеңейту, ал 2028 жылы аэротакси арқылы коммерциялық ұшуларды бастау жоспарланып отыр. Әр кезеңде негізгі басымдық – қауіпсіздік пен инфрақұрылымның дайындығы», – деді Жаслан Мәдиев.
Үкіметте өткен брифингте Жасанды интеллект вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев әуе таксилерінің бағасы пилоттық жобаның нәтижесі бойынша бекітілетінін айтты.
«Қазіргі уақытта елімізде арнайы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Әуе таксилерінің нақты тарифтік саясаты осы сынақ жобасының нәтижелері бойынша бекітіледі. Мұндағы басты басымдық – ең алдымен қажетті инфрақұрылымды толық қалыптастырып, ұшу қауіпсіздігі мен тасымалдауды реттейтін құқықтық-нормативтік базаны әзірлеу», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың мамырында Алатау қаласында Қазақстандағы алғашқы аэротаксилер сынақтан өтті.
Қытайлық AutoFlight компаниясының жолаушыларға арналған eVTOL аппараты (аэротакси – ред.түсіндірмесі) алты орынға шақталған. Оның бесеуі жолаушы, біреуі ұшқыш үшін есептелген. Аппарат сағатына 200 шақырым жылдамдыққа дейін ұша алады, бір ұшқанда 200 шақырым қашықтықты еңсереді.