Оман сұлтанына АХҚО-ның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) барды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мемлекет басшыларына орталықтың жұмысы мен негізгі нәтижелерін таныстырып, Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық байланыстарды дамытуға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтты.
АХҚО ашылғаннан бері Қазақстан экономикасына 28 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Қазіргі таңда орталықта әлемнің 90 елінен келген 6600-ден астам компания тіркелген.
Сондай-ақ, делегацияға АХҚО юрисдикциясының ерекшеліктері, АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы және қаржы қызметтерін реттеу тетіктері таныстырылды. Бұдан бөлек, исламдық қаржыландыру бағытындағы мүмкіндіктер мен тәулік бойы кеңес беретін AIDA цифрлық ассистенті туралы ақпарат берілді.
Айта кетейік, Оман сұлтаны елордаға ресми сапармен 5 қазанда келген еді. Оны Астана әуежайында президент Тоқаев қарсы алған.