Парижде боздап жылаған Ута Абе Диёрамен реванш үшін Қазақстанға келе ме

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Kyodo

Жапон дзюдосының жұлдыздары Хифуми Абе мен Ута Абе – спорт әлеміндегі ең танымал ағалы-қарындастардың бірі. Екеуінің еншісінде Олимпиада ойындарының жеке сындағы үш алтын және әлем чемпионаттарының 11 алтыны бар. 

Ағасы Хифуми Абе 66 келіде сынға түседі. Ол Токио-2020 және Париж-2024 Олимпиадасында қатарынан чемпион атанды. 2026 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында бесінші рет әлем чемпионы атанып, тағы бір ірі жетістікке қол жеткізді. 

Қарындасы Ута Абе 52 келіде белдеседі. Ол Токио Олимпиадасының чемпионы. Бұдан бөлек, жапониялық дзюдошы биыл әлем чемпионатында алтыншы рет топ жарды. Осылайша ағалы-қарындас Абелердің әлем чемпионаттарындағы алтын медаль саны 11-ге жетті. 

Бір күнде Олимпиада чемпионы атанған

Абе отбасының ең тарихи жетістігі Токио Олимпиадасында тіркелді. 2021 жылғы 25 шілдеде алдымен Ута 52 келіде француз Амандин Бушарды жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды. Артынша Хифуми 66 келіде грузиялық Важа Маргвелашвилиден басым түсіп, алтын алды. Олар дзюдодан Олимпиаданың бір күнінде алтын жеңіп алған алғашқы ағалы-қарындас ретінде тарихқа енді.

Париждегі көз жасы

Алайда Париж-2024 Олимпиадасы ағалы-қарындас үшін әртүрлі аяқталды. Хифуми Абе чемпиондық атағын қорғап, екінші Олимпиада алтынын жеңіп алды. Ал Ута Абе екінші айналымда өзбекстандық Диёра Келдиороваға сенсациялық түрде есе жіберіп, ботадай боздап жылған еді. Кейін Келдиорова Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. 

Енді арада екі жылдан астам уақыт өткенде қос жұлдыздың жолы Қазақстанда қайта түйісуі мүмкін. 17-18 қазанда Ақтауда Aktau Asian Open 2026 халықаралық турнирі өтеді. Келдиёрова жарысқа 52 келіде қатысуға өтінім берген. Бұл оның Париж Олимпиадасынан және ана атанғаннан кейінгі алғашқы ресми жарысы болмақ.

Егер жеребе сәйкес келсе, жанкүйерлер Париж Олимпиадасындағы әйгілі кездесудің жалғасын – Ута Абе мен Диёра Келдиорова арасындағы белдесуді қайта көруі мүмкін.

Еске сала кетейік, Азия ойындарының финалында Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова тағы бір жапондық ағалы-қарындас дзюдошыларға есе жіберген еді.

Сондай-ақ оқыңыз