Шоколадтан реакторға дейін: Қазақстанның өңделген экспорты неден тұрады (инфографика)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Өңделген өнім экспорты / фото: Kursiv Media

Қазақстанның шикізаттан тыс экспорты тек металл мен мұнай-химия өнімдерінен тұрмайды. 2026 жылдың қаңтар–шілдесінде елден миллиардтаған доллардың дайын және өңделген тауары шығарылған. Экспорт қоржынында мал азығы, тыңайтқыш, шоколад пен сусыннан бастап ядролық реактор, байланыс жабдығы мен ұшаққа дейін бар. Kursiv Media өңделген экспорттың тауарлық құрылымын зерттеді.

Жеті айда Қазақстанның өңделген тауарлар экспорты 5,63 млрд долларды құрады. Жекелеген тауарлар арасында ірі үлес банкноттар мен бағалы қағаздарға тиесілі – олардың экспорты 539,1 млн доллар болған.

Екінші орында мал азығына арналған дайын өнімдер тұр. Қазақстан бұл тауарды сыртқы нарыққа 509,6 млн долларға сатқан.

Ірі экспорттық позициялардың қатарына өнеркәсіп өнімдері де кірді. Мәселен, ядролық реакторлар экспорты 273,3 млн доллар, телефон және байланыс жабдығы 239,8 млн доллар, ал кешенді тыңайтқыштар 219,3 млн доллар болды.

Өңделген экспорттың тауарлық құрылымы

2026 жылғы қаңтар–шілде · өңделген және дайын тауарлар · ТОП-50

Барлық өңделген экспорт: —

Ұяшық көлемі — экспорт сомасы. Түс — тауар жататын сала. Сомалар АҚШ долларымен көрсетілді.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Азық-түлік экспорты да қомақты

Өңделген экспорт құрылымында АӨК пен азық-түлік тауарларының орны бөлек. Мал азығынан бөлек, Қазақстан шетелге:

  • темекі өнімдерін – 138,6 млн долларға;
  • алкогольсіз сусындарды – 123,3 млн долларға;
  • өсімдік майын өндіруден қалған өнімдерді – 103,7 млн долларға;
  • шоколад пен какао өнімдерін – 88,4 млн долларға;
  • дайын тағам өнімдерін – 63,5 млн долларға экспорттаған.

Балмұздақ экспортының өзі 52,2 млн долларға, нан және кондитер өнімдері 47,8 млн долларға, макарон өнімдері 32,8 млн долларға жеткен.

Машина жасау экспорты байқала бастады

Өңделген экспорттың тағы бір маңызды бөлігі – машина жасау және электр техникасы.

Байланыс жабдығынан бөлек, Қазақстан сыртқа 55,3 млн доллардың газ турбинасын, 47,9 млн доллардың мониторлары мен тележабдығын, 46,5 млн доллардың жол-құрылыс техникасын шығарған.

Кір жуғыш машиналар экспорты 43,3 млн доллар, сұйықтық сорғылары 41,6 млн доллар, компьютерлер мен олардың блоктары шамамен 39,6 млн доллар болды.

Көлік саласында да ірі тауарлар бар. Ұшақтар мен әуе техникасының экспорты 88,9 млн долларды, теміржол техникасының бөлшектері 68,9 млн долларды құрады. Жүк көліктері 32,9 млн долларға, жеңіл автомобильдер 28,8 млн долларға экспортталған.

Экспорт қоржыны әртараптанып келеді

Деректер Қазақстанның өңделген экспортында бір ғана саланың үстем емес екенін көрсетеді. Азық-түлікпен қатар химия, машина жасау, металл өңдеу, көлік құралдары, пластмасса және электр техникасы да сыртқы нарыққа шығып отыр.

Сонымен бірге экспорттың жалпы көлемін әлі де бірнеше ірі тауар айқындайды. Сондықтан өңделген экспорттың сапасын бағалағанда тек миллиардтаған долларлық жалпы көрсеткішке емес, елдің нақты қандай өнім сатып отырғанына және сол тауардың ішінде Қазақстанда қанша қосылған құн жасалғанына қараған маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз