Жұмыс істеген әйелдер баласына бір жарым жасқа дейін төлейтін жәрдемақыдан қағыла ма

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Kursiv Media архиві

Үкіметтің жәрдемақы төлеу тәртібіне қатысты өзгерісі көпшілікті алаңдатып отырғаны рас. Әсіресе, жұмыс істеген әйелдер баласы бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы алынып тастала ма деп алаңдаған. Kursiv Media осы сұрақты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған еді.

Ведомство дерегінше, әйелдер декретке шығатын кезде тәртіп бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақысын ала береді. Яғни жүктілік бойынша төлем және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төленеді.

Министрлік өкілі келесі жылдан бастап күшіне енетін өзгерістер бұл жәрдемақы түріне әсерін тигізбейді деп түсіндіреді.

«Жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады. Қалай алып келді, солай ала береді. Жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемдеріне бұл еш әсер етпейді», – деді министрліктің баспасөз қызметінің мамандары.

Еске салайық, Еңбек министрлігі енді 14 түрлі жәрдемақыны азаматтың нақты әлеуметтік жағдайы мен көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне қарай беретін болады. Яғни әр отбасының табысын, мал-мүлкін есептеп алып, соған қарап жәрдемақы беру-бермеуді шешеді. Жаңа өзгеріс келесі жылдың бірінші қаңтардан бастап күшіне енуі керек.

Оқи отырыңыз: Үкіметтің жәрдемақысынан кімдер айырылуы мүмкін (инфографика)

Сондай-ақ оқыңыз