25 жылдан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары болған екінші әйел жайлы не белгілі

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Татьяна Савельева қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол Қазақстан тарихындағы қорғаныс басшылығына келген екінші әйел болып отыр. Осыған дейін 2001 жылы Жанат Ертлесова аз уақыт қана осы лауазымда болған. Kursiv.Media тілшісі араға 25 жыл салып осы қызметке тағайындалған Татьяна Савельева жайлы ақпаратты топтастарды.
Татьяна Савельева 1976 жылғы 11 сәуірде дүниеге келген. Экономика саласында білім алған. 2001 жылы Ақмола аграрлық университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаса, 2007 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Экономика» мамандығын меңгерген.
Ол еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласының қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Кейін қаржы министрлігі мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі қызметтер атқарып, бюджет саясаты мен жоспарлау саласында тәжірибе жинаған.
2012-2016 жылдары қаржы министрлігінің бюджет саясаты және жоспарлау бағытындағы департаменттеріне жетекшілік етті. Ал 2016 жылғы сәуірде қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды 2023 жылғы наурызға дейін атқарды.
2023 жылы мәжіліс депутаты болып сайланып, VIII шақырылымда қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болды. Кейін аталған комитеттің төрайымы қызметін атқарды.
2026 жылғы тамызда Савельева «Әділет» партиясының атынан Құрылтайдың I шақырылым депутаты болып сайланды. Алайда ол бұл қызметте бір жарым айдай ғана отырды. Бүгін құрылтай депутаттар Татьяна Савельеваға депутат ретіндегі қызметі үшін алғыс айтып, шығарып салды.
Ал құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай Савельеваның жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Алайда ол кезде қандай лауазым екені белгісіз болған. Кейін Ақорда президент жарлығымен ол Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалғанын жариялады. Осылайша, Савельева тарихта қорғаныс саласындағы басшылыққа келген екінші әйел болып отыр. Тұрмыста. Екі ұлы бар.
Мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін Татьяна Савельева «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалімен марапатталған.
Айта кетсек, осыдан 25 жыл бұрын дәл осы қызметке тағайындалған Жанат Ертлесова да қаржы саласының маманы болып жұмыс істеген. Министрліктегі жылға жетпес уақытта ол әскери реформаларды қаржыландыруға жауап берген.
Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық өзгерістердің барлығы Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасынан кейін басталды. Президент қорғаныс саласына түбегейлі реформа қажетін айтып, басшылық қызметтегі шенеуніктерді бірінен соң бірін ала бастады.
Бұл қайғылы оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалып, бірқатар лауазымды тұлғалар қамалды.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанды қандай әйелдер басқарады