Әлеуметтік желідегі қорлау мен рұқсатсыз салынған суреттер жедел өшірілуі мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда әлеуметтік желідегі қорлайтын жазбалар мен адамның суретін рұқсатсыз пайдалануға қатысты шағымдар жедел қаралуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі мұндай контентті платформалардан тезірек өшіру үшін шағым беру тәртібін жетілдіріп, әлеуметтік желілердің негізді өтініштерге жауап беру уақытын қысқартуды ұсынды. Бұл туралы ІІМ басшысы Ержан Сәденов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп жазады Kursiv.Media.

Адамның суретін рұқсатсыз пайдалануға болмайды

ІІМ азаматтардың абыройын, қадір-қасиетін және бейнесін қорғау Азаматтық кодекстің 145-бабымен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Оған сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайды.

Сондай-ақ сот арқылы қорғаудың қолданыстағы тетіктері және қылмыстық әрі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің нормалары азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Алайда министрлік тікелей эфирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, бұл бағыттағы шағымдарды қарау тәртібін жетілдіру қажет деп санайды.

«Онлайн-ортада суреттік бейнесін заңсыз пайдаланғаны және балағаттағаны үшін шағымдар беру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың негізді өтініштеріне онлайн-платформалардың жауап беру мерзімдерін қысқарту мәселесін қарастыру қажет», – делінген ІІМ жауабында.

«Трэш-стриминг» ұғымын заңға енгізу орынсыз деп санайды

Депутаттар тікелей эфирлердегі зорлық-зомбылық, қауіпті пранктер, қорлау және әдейі арандатушы әрекеттерді «трэш-стриминг» ұғымымен заңнамалық тұрғыдан айқындап, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған.

Алайда ІІМ бұл ұғымды Қазақстан заңнамасына енгізуді орынсыз деп санайды. Министрлік қолданыстағы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда «онлайн-платформадағы контент» ұғымы анықталғанын атап өтті. Оның құрамына аудиовизуалды нысандағы ақпарат та кіреді. Сонымен қатар заң құқыққа қайшы жарияланымдарды, соның ішінде қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, порнографияны және басқа да заңсыз әрекеттерді насихаттауға тыйым салады.

ІІМ «трэш-стриминг» терминінің нақты заңдық мазмұны жоқ екенін алға тартты.

«Трэш-стриминг» термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ, бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін», – делінген жауапта.

Заңсыз контент үшін қандай жауапкершілік бар

ІІМ нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік қазірдің өзінде Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде қарастырылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 174-бабы әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, 274-бабы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы жалған ақпаратты және құқыққа қайшы контентті орналастыру мен таратуға қатысты қолданылады.

Тоғыз айда 124 адам жауапқа тартылды

ІІМ дерегінше, биыл тоғыз айда Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс қозғалған. Оның 21-і сотқа жолданған. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, оның 9-ы сотқа жіберілген. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 124 адам жауапқа тартылған.

184 аккаунт тексерілді

Әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыс аясында ақпараттық саясат департаменті TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі 184 аккаунтты тексерген.

Оның нәтижесінде 86 пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде:

  • 56 адамға айыппұл салынған;
  • 29 адам қамауға алынған;
  • 1 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.

«Super Vision» жүйесі әзірленіп жатыр

ІІМ Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тапсырмасын орындау аясында «Super Vision» мониторинг экожүйесінің жобасы іске асырылып жатқанын хабарлады.

Жоба онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ашық дереккөздерінен ақпарат жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған. Қазір жүйе әзірлену сатысында.

Министрлік кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғауға ерекше назар аудару қажет екенін де атап өтті.

Тағы да оқыңыз: 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына уақытша шектеу енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз