Автобуста жолаушыларға пышақ кезенген ер адам қамауға алынды

Алматыда қоғамдық көлікте жолаушыларды пышақпен қорқытқан 38 жастағы ер адам 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оқиға Жетісу ауданында болған. Полицияға қоғамдық көлікте жанжал шығарып, жолаушыларға қауіп төндірген ер адам туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келгенде ер адам олардың заңды талабына бағынбай, агрессивті әрекетін жалғастырған. Полиция қызметкерлері оны тоқтатып, пышағын тәркілеп, полиция басқармасына жеткізген.
Ер адамға қатысты екі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылып, сот шешімімен оған 12 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, осыған дейін Орал қаласында көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші есірткіге мас күйде көлік басқарғаны анықталған еді.