Кәсіпкер азырақ салық төлейді: депутат бизнес ставкасын бірдей етуді ұсынды

«Ақ жол» партиясының депутаттары арнаулы салық режимін бүкіл Қазақстан үшін бірдей етуді ұсынып отыр. Құрылтай отырысында депутат Дәурен Ахметжанов осындай ұсыныс айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Құрылтай депутатының сөзінше, өңірлер бойынша бизнеске салынатын салықтың әртүрлі болуы кәсіпкерге тікелей әсер етеді. Салыққа көбірек қаражат жұмсаған бизнестің пайдасы азайып, кәсібін дамыту мүмкіндігі шектеледі. Оның үстіне мөлшерлемелер әртүрлі болса, бірнеше өңірде жұмыс істейтін кәсіпкерлер әр өңір бойынша салық есебін бөлек жүргізуге міндетті болып қалады.
«Бұл мәселе ауылдық жерлер мен шағын қалалар үшін аса маңызды. Басқа өңірде салық мөлшерлемесі төмен болса, кәсіпкер бизнесін сол жерге көшіруі мүмкін. Мұндай жағдайда ол жұмыс істейтін жерді таңдағанда сұранысқа, инфрақұрылымға және істің тиімділігіне қарағанда салықтың аздығына көбірек мән беруі мүмкін. Кәсіпкерлер басқа өңірге көшсе, бұрын жұмыс істеген елдімекенде салық түсімі азайып, кәсіпкерлік белсенділік төмендеуі мүмкін», – дейді Дәурен Ахметжанов өз баяндамасында.
Салық барлығы үшін бірдей болсын
Депутаттар мәселені ескере отырып, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен салық жүктемесінің аумаққа байланысты айырмашылығын жоюды ұсынып отыр.
Яғни бүкіл Қазақстанда 2-3 пайыз аралығында бірыңғай салық мөлшерлемесін белгілеу керек дегенді айтады. Ал мәслихаттардан оны көтеру немесе төмендету құқығын алып тастау қажет деп отыр.
Одан бөлек министрлік өңірлердегі салық мөлшерлемелерінің айырмашылығы шағын және орта бизнестің орналасуына және жұмысына қалай әсер ететінін талдап, нақты деректер ұсынуы қажет деп мәлімдейді.
Былтыр жаңа Салық кодексін талқылау кезінде «Ақ жол» партиясы арнаулы салық режимі бойынша ставканы бірдей ету керек деген ұсынысын айтқан. Бірақ ұысныс үкімет тарапынан қолдау таппады.
2026 жылдан бастап елдегі арнайы салық режимінің базалық мөлшерлемесі 4% болып белгіленді. Бірақ Салық кодексі жергілікті мәслихаттарға оны 50%-ға дейін төмендетуге немесе көтеруге мүмкіндік береді. Яғни заң бойынша бизнес салығы бір өңірде 2% болса, басқа облыста 6%-ға дейін болуы өсуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай өңірінде бизнес ең аз салық төлейді (инфографика)