Куәлігінен айырылған, есірткіге елірген оралдық көлік жүргізген

Орал қаласында көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші есірткіге мас күйде көлік басқарғаны анықталды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Polisia.kz. мәліметінше, оқиға түнгі сағат 02:45 шамасында қала көшелерінің бірінде болған. Полиция қызметкерлері Lada Largus автокөлігін тоқтатып, жүргізушіні тексерген. Көлік тізгінінде 20 жастағы Орал қаласының тұрғыны болған.
Медициналық куәландыру және химиялық-токсикологиялық зерттеу нәтижесіне сәйкес, ол есірткіге мас болған.
«Сонымен қатар жүргізушінің бұған дейін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды». – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 1 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кететін жайт, оқу жылы басталғалы есірткі қылмысына қатысы бар 69 жасөспірім ұсталған болатын.