Қазақстанның қаржы жағдайы: несиеге батқан халық қымбат көлік мінгісі келеді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Ұлттық Банктің Қазақстаннның қаржы тұрақтылығы туралы 2025 жылғы есебі ел экономикасының қазіргі жай-күйі мен халықтың қаржы әдеттерін айқын көрсетіп берді. Бір жағынан елдің сыртқы резерві мен алтын қоры ұлғайып, макроэкономикалық тұрақтылық сақталып отырса, екінші жағынан тұрғындардың қарыз жүктемесі артып, халықтың нақты табысы төмендеп бара жатқаны байқалады.

Халықтың қарыз қамыты: Нақты табыс төмендеп, несие өсті

Есептегі ең алаңдатарлық деректің бірі – халықтың несиеге тәуелділігінің артуы. Былтыр жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 27,9 триллион теңгеге жетіп, тарихи максимумды жаңартты.

Несиенің халықтың еңбекақы қорына қатысты үлесі 60%-ға жеткен. Бұл ретте бір борышкерге шаққандағы орташа қарыз көлемі өскенімен, халықтың ақшалай табысы мен жалақысының өсімі одан әлдеқайда артта қалып келеді.

Азаматтардың сатып алу қабілетіне инфляция айтарлықтай қысым түсіріп отыр. 2025 жылдың VI тоқсанында инфляцияны есепке алғандағы халықтың нақты табысы -2,3%-ға төмендеген.

Осылайша, номиналды түрде табыс өскендей көрінгенімен, инфляция азаматтардың нақты кірісін азайтып жатыр.

Автокредит ипотекамен теңесіп қалды

Елдегі тағы бір елең еткізерлік үрдіс – автонесие көлемінің күрт өсуі. Саладағы қарыз портфелі соңғы жылдары екі есе өсіп, 4 триллион теңгеден асты. Бір жыл ішінде 2,4 трлн теңге автонесие беріліп, тұрғын үйге берілген ипотека қарызына жақындап қалды.

Қазақстандықтардың көлік таңдаудағы сұранысы да өзгерген. Бағасы 15 миллион теңгеден асатын су жаңа автокөліктерді сатып алу үшін 50,7 мыңнан астам несие рәсімделген, бұл халықтың қымбатырақ көлік ала бастағанын көрсетеді.

Сонымен бірге, ресми дилерлер арқылы 235 мыңдай жаңа көлік өтіп, елдегі автопарк жаңарып келеді. Сырттан келетін жаңа көліктердің басым бөлігін, яғни импорттың 69,2%-ын қытай көліктері құрады.

Автонесиеге деген сұраныс 2025 жылы жоғарылағанымен, биыл жазда сәл бәсеңдеген. Өйткені базалық мөлшерлеме жоғары, кредитті екі есе етіп қайтарады.

Ұлттық Банк стратегиясы: алтын қорындағы тарихи рекорд

Ішкі нарықтағы қарыз жүктемесіне қарамастан, елдің сыртқы қаржы резервтері айтарлықтай нығайды. Ұлттық Банк әлемдегі ең ірі алтын сатып алушылардың қатарына енді. Бір жыл ішінде 57 тонна монетарлық алтын сатып алынды.

Әлемдік нарықта бағалы металл құны 65%-ға жуық қымбаттап, унциясы 4 319 долларға дейін өсті. Осы стратегиялық шешім мен бағаның өсуі арқасында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервіндегі алтын активтері 2 есе өсіп, 55 млрд долларға жетті.

Бұл әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауына қарамастан, елдің жиынтық қорын ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 8,7 миллиард долларды құрап, оның валюталық активтері 63,8 миллиард долларға дейін ұлғайды, бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз