
R-Finance микроқаржы ұйымының облигациялары инвесторлар арасында қызу талқыға түсті. Оған Teniz Capital жариялаған талдау себеп болды.
Сарапшылар компанияның қарызы пайдасынан жылдам өсіп жатқанын, несие портфелінің сапасы нашарлағанын және өтімділік қоры аз екенін мәлімдеді.
Бірақ нарықтағы басқа сарапшылар бұл қорытындымен толық келіспейді. Олар мұндай тәуекелдердің көбі жалпы МҚҰ секторына тән екенін айтады. Kursiv.Media тараптардың негізгі уәждерін жинақтады.
Teniz Capital нені сынады?
Teniz Capital «екінші эшелондағы» МҚҰ облигацияларынан алшақ болуға кеңес беріп, мысал ретінде R-Finance-ті атады.
2025 жылы компания активтері 37%-ға өскен, ал таза пайда небәрі 5%-ға артқан. Операциялық шығындар 48%-ға көбейген. 2026 жылдың бірінші жартысында активтер тағы 18%-ға өсіп, 68 млрд теңгеге жеткен.
Сарапшылар несие портфелінің сапасына да назар аударды. Кредиттік тәуекелі өскен екінші сатыдағы қарыздар 2,2 есе көбейіп, 1,86 млрд теңгеге жеткен. Дефолт санатындағы үшінші сатыдағы қарыз көлемі 3,9 млрд теңге болған.
Резервтер 2,3 есе өскен. Компания мерзімін өткізіп алған клиенттерден айыппұл мен өсімпұл ретінде 604 млн теңге кіріс алған.
Қарыз бен өтімділік
Teniz Capital есебінше, R-Finance-тің пайыздық шығындары пайыздық кірістің 54%-ын алып отыр. 2025 жылдың соңынан кейінгі 12 айда компания облигациялар мен кредиттер бойынша пайызымен бірге 26,9 млрд теңге төлеуі керек болған. Ал еркін ақша мен депозит көлемі 3,4 млрд теңге ғана болған.
Операциялық ақша ағыны да екі жыл қатарынан теріс: 2024 жылы минус 7,3 млрд теңге, 2025 жылы минус 1,9 млрд теңге.
Тағы бір мәселе – кредиторлардың қорғалуы. ForteBank алдындағы қарыз кеңсе ғимаратымен және депозиттегі 6,4 млрд теңгемен қамтамасыз етілген. Ал шамамен 38 млрд теңгелік облигация ұстаушыларында мұндай кепіл жоқ.
Есептегі сәйкессіздік
Teniz Capital қаржы есебінен де қайшылық тапқан.
Тәуекелдер бөлімінде компанияның шетел валютасында міндеттемесі жоқ және барлық мөлшерлеме бекітілген деп көрсетілген. Бірақ сол есепте Nations Trust Bank алдындағы шамамен 4,3 млрд теңгелік долларлық кредит бар. Оның мөлшерлемесі SOFR + 3% формуласына байланған.
Сондай-ақ 2024 жылы R-Finance компаниядағы үлесін сатқан қатысушының 167 млн теңге салығын өз мойнына алып төлеген.
Осы жайттарға сүйенген Teniz Capital R-Finance облигацияларын сатып алмауға кеңес берді.
Finmentor: мұндай тәуекелдер басқа МҚҰ-ларда да бар
Finmentor авторы Teniz Capital қорытындысын тым қатаң деп санайды.
Оның пікірінше, қымбат қорландыру, резервтердің өсуі, жаңа облигация орналастыруға тәуелділік және теріс ақша ағыны тек R-Finance-ке тән емес. Мысалы, кейбір Jet Finance облигацияларының купоны 22%, ОнлайнКазФинанста – 24%, MOST-та – 24,5%.
Finmentor ОнлайнКазФинансты да мысалға келтіреді: онда пайыздық шығындар пайыздық кірістің шамамен 68%-ына жеткен, операциялық ақша ағыны минус 15,8 млрд теңге болған. Сондықтан автордың негізгі сұрағы – неге дәл R-Finance таңдалды?
Оның пікірінше, компанияны әділ бағалау үшін капитал, проблемалық қарыз, қорландыру құны, бос ақша және қарыз өтеу кестесін басқа МҚҰ-лармен салыстыру керек.
Теріс ақша ағыны нені білдіреді?
Finmentor «қарыз жаңа қарызбен өтеліп жатыр» деген тұжырымды да біржақты қабылдамауға шақырады.
МҚҰ несие беруді жылдам арттырса, ақша алдымен клиенттерге кетеді де, кейін біртіндеп қайтады. Сондықтан теріс операциялық ақша ағынының өзі автоматты түрде қаржылық дағдарысты білдірмейді.
Сонымен бірге Finmentor да R-Finance есебіндегі валюталық кредит, кепілдегі өтімділік және сатушының салығын төлеу мәселесі түсіндіруді қажет етеді деп санайды.
«Комментарий»: есептен кейін облигация күрт арзандады
«Комментарий» Telegram-арнасы талдаудың нарыққа әсеріне назар аударды.
Teniz Capital есебінен кейін R-Finance облигацияларының бірінің бағасы бірнеше минутта номиналдың 95,8%-ынан 85,6%-ына дейін төмендеген. Яғни қағаз шамамен 10,7% арзандаған.
Соның салдарынан өтеуге дейінгі кірістілік 24%-дан 32%-ға дейін көтерілген. Купон өзгермеген, ол бұрынғыдай 21%. Арна авторы өтімділігі төмен облигацияларда ірі сатылым бағаны тез құлата алатынын айтып, мәселені нарықтағы этикамен байланыстырды.
Негізгі дау неде?
Қазір пікірталас екі сұраққа тіреледі. R-Finance-тің қаржы жағдайы шынымен сектордағы басқа компаниялардан нашар ма? Әлде Teniz Capital атаған тәуекелдердің басым бөлігі бүкіл МҚҰ нарығына ортақ па?
Teniz Capital проблемалық қарыздың өсуін, әлсіз өтімділікті, кепілдегі ақшаны және есептегі сәйкессіздіктерді негізгі қауіп деп санайды.
Finmentor болса, бір компанияға қорытынды жасамас бұрын оны басқа МҚҰ-лармен салыстыру керек дейді.